Алматылық суретші карантиннен кейінгі қуанышты қылқаламмен жеткізгісі келеді

Алматылық суретші карантиннен кейінгі қуанышты қылқаламмен жеткізгісі келеді
Сурет: Gmirk.kz

Көрмеге суретшінің 90 -нан астам кескіндеме және графикалық жұмыстары қойылған.

Мұражай қабырғасында өтетін екінші жеке көрмесінде Светлана Какоткина  «Терезеден тыс көрініс» атты авторлық өлеңдер жинағының да тұсауын кеседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

2021 жылдың 15 қыркүйегінде сағат 16.00 -де Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік Өнер музейінің Орталық көрме залында алматылық суретші Светлана Какоткинаның «Терезеден тыс көрініс» атты көрмесінің ашылуы өтеді.

Светлана Какоткина 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол өнер жолындағы бастапқы білімін классикалық өнер гимназиясында алған. Гимназияны сәтті аяқтағаннан кейін, ол сәулет институтына дизайн бөліміне оқуға түседі. Онда кафедраның көптеген байқаулары мен көрмелеріне қатысады.

Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін Светлана көркемсурет мектебінде мұғалім, жарнама агенттіктері мен журналдарда дизайнер, үйлестіруші болып жұмыс жасайды. Кейінірек Светлана интерьерге, үйлердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қызығушылық танытып, қызмет аясын кеңейтеді. Суретшінің интерьер жұмыстары «Ideas», «Elite House» сияқты тақырыптық журналдарда жарияланған.

«Көрермендер назарына «Терезеден тыс көрініс» деп аталатын шығармалар топтамасын ұсынамын. Карантиндік шектеу шараларынан еркіндікке шыққым келді, алайда қол-аяғымыз жіпсіз байланып, үйде отыруға тура келді. Сондықтан үйден шықпастан, сұлулықты іздедім. Бір жыл бұрын, ковидтің дүрбелеңі мен қорқынышы енді басталған кезде, маған шабыттандыратын, қанаттандыратын дүниені табу керек болды. Терезе төсеніштері, терезелер, натюрморттар, бөлме гүлдері, терезедегі көріністер. Біраз уақыттан кейін саябақтар мен тауларда серуендеуге және сурет салуға мүмкіндіктер ашылды, бірақ шектеулер толықтай алынбаған еді. Терезеден тыс көрініс – терезенің арғы жағындағы өмір. Терезе әйнегі - бұл әлемдер арасындағы өткел - менің кеңістігім мен үлкен әлем арасындағы шекара іспеттес. Ал бастысы қайсы екені беймәлім – сырттағы әлем бе немесе іштегі ме? Кейде ағаштар мен үйлер менің жұмысымда негізгі орынды алады. Әдеттегі таныс нәрселерден-ақ үлкен шабыт алуға болады екен. Мысалы, терезедегі шегіргүлден,  жапырақтарға түскен күн сәулесінен, табиғат аясындағы серуендерден. Пандемиядан кейінгі клаустрофобиядан кейін әлемге жаңаша көзқараспен қарай бастайды екенсің. Мен өз жұмыстарымда карантин аяқталған кездегі бостандықтың қуанышын, ал шектеу кезіндегі терезедегі көрініс арқылы ғана тамашалаудың зілді мұңын жеткізе алдым деп үміттенемін», -дейді Светлана Какоткина.