Алматылық дәрігер: Коронавирустық инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға тек вакциналану ғана көмектеседі

Алматылық дәрігер: Коронавирустық инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға тек вакциналану ғана көмектеседі
Almaty-akshamy.kz

Вакцина вирустың алдын алады.

№36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілегеннің айтуынша, біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді басып алған коронавирустық пандемияны жеңу үшін халық вакциналану процесінен өтуі тиіс, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


«Халықтың  басым бөлігі вакциналанбайынша, біз індетті жеңуге көмектесетін ұжымдық иммунитетке қол жеткізе алмаймыз. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина біздің денсаулығымызды, жақындарымыздың денсаулығын сақтау және адамдарды  қалыпты  өмір салтына қайтару үшін жасалған», - деді Г.Тілеген.

Дәрігердің айтуынша, вакциналанбаған науқастың жағдайы ауыр болады, кейіннен ағза нашарлайды, инфекция тасымалдаушысына айналуы әрі қайғылы жағдайға душар болуы мүмкін. 

«Адамдар КВИ-ге қарсы вакцинациядан кейін ауырып қалған жекелеген жағдайлар бар. Бірақ егер адам вирусқа қарсы иммунитетке ие болса, иммунитет вирусты өлтіреді. Аурудан 100% қорғай алатын бірде-бір вакцина жоқ. Дегенмен, COVID-19 вакцинасы қорғанудың тиімді әдісі. Өйткені, вакциналанған пациенттердің ауруы жеңіл әрі симптомсыз болады. Дерт асқынбайды, қайғылы жағдай болмайды», - дейді Г. Тілеген.

Бас дәрігер вакциналанған адамдардың ауруға шалдығуының себептерінің бірі вакцинациядан кейінгі кезең деп санайды, өйткені екінші компонент енгізілгеннен кейін иммунитетті қалыптастыру үшін орташа есеппен 3 апта үзіліс қажет. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын сақтау маңызды рөл атқарады. Бірақ Г. Тілегеннің айтуынша, көптеген науқастар вакцинаны алғаннан кейін қорғанысты сезінеді және коронавирустық инфекцияға қарсы барлық қауіпсіздік шараларын толық орындаудан бас тартады.

Дәрігер иммунитетті тек вакцина ғана емес, өмір салты, дұрыс тамақтану, ұйқы қалыптастыратынын айтты.

«Сондықтан біз барлық науқастарды вакцина алуға және медициналық қызметкерлердің барлық ұсыныстарын орындауға шақырамыз. Адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болып, бетперде тағу қажет», - деді Г. Тілеген.