Алматылық дінтанушы: антиваксерлер діннің беделін пайдалануда 

Алматылық дінтанушы: антиваксерлер діннің беделін пайдалануда 
Сурет: Еtu.ru

Антиваксерлер өз істеріне діни сенімдерді жиі пайдаланады.

Алматы қалалық дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде осындай пікірімен бөлісті. Сонымен қатар теолог діндарларға ұсыныстар берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Халықтың көпшілігі өздерін діндарлар деп санайды, олар үшін діни сенімдер шынайы. Антиваксерлер мұны өз істеріне пайдаланды. Олар діни сенімдер арқылы өздерінің мәлімдемелерін, жорамалдарын, күмәндарын, үрейлерін күшейтеді, дәлелдейді, ақтайды. Басқаша айтқанда, олар діннің беделін өз істеріне пайдаланады», - деді теолог. 
 

Г. Жұманованың айтуынша, барлық діндердің бірыңғай әдісі бар: мәселенің мәнін түсіну үшін мамандарға жүгіну қажет. Ол қасиетті кітаптар – Құран мен Библиядан үзінділер келтірді: 

«Егер сізге біреу суыт хабар жеткізсе, онда ешкімге зиян келтірмеу және жасаған ісіңізге өкінбеу үшін оның шынайылығын білуге тырысыңыз». (Құран 49: 6 (Бөлмелер). 
 
«Білмегеніңізді білетін білім иелерінен сұраңыз» (Құран. ан-Нахл / Аралар 16:43). 
 
«Расында, білімсіздер өз әрекеттерімен өзгелерді адастырады» (Құран. Әл-Ан'ам / Тамақ 5:119). 
 
Г. Жұманова дін қызметкерлері пікірінің беделді екенін әрі жұртшылыққа үлкен әсері барын атап өтті. 

«Біздің теологтар – ақылды, сауатты, білімді адамдар, олар мәселенің мәнін түсінеді. Олар өздерінің денсаулығы мен әл-ауқатын, сондай-ақ жақындарының амандығын сақтауға мүдделі. Олар қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінеді әрі адамдардың дендерінің сау, толыққанды өмір сүрулері үшін екпе алуға шақырады. Теологтар мамандарға, дәрігерлерге сенеді. Біз – зайырлы мемлекетпіз, яғни мемлекет діннен бөлінген. Сондықтан олар бірінің ісіне бірі араласпайды. Бірақ, мемлекеттің де, діннің де мүддесі ортақ. Ол – халықтың өмірі мен денсаулығы», - деді дінтанушы Г. Жұманова. 
 

Алматы қаласы дін істері басқармасының өкілі вакциналанудан бас тартудың еш діни себептері жоқ екенін түсіндірді. Оның пікірінше, Мұхаммед Пайғамбар кезінде вакцина болмаған, сондықтан Құранда және сүннетте вакциналануға нақты тыйым немесе қолдау айтылмаған. 

«Әр кәсіптің өз мамандары бар. Вакциналану туралы дилетант емес, микробиология, эпидемиология, вирусология саласында терең білімі бар, ғалым-маман ғана айтуы тиіс», - деп қорытындылады сөзін Г. Жұманова.