Алматылықтарға дабыл сөмкесін дайындау ескертілді

Алматылықтарға дабыл сөмкесін дайындау ескертілді
Сурет: Informburo.kz

20 сәуірде таңертең Алматы тұрғындарына дабыл сөмкесін дайындау ескертілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Осы бейсенбі  сағат 11:00-де Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтетін болады.  Бұл ретте  жылына екі рет өткізіледі. Тоқсан сайын қала ұйымдарында сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілсе, жыл басынан бері өзінде 2,8 мыңнан астам сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Сейсмикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру, тұрғындар эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апаттық чемодандарды дайындау», – делінген Алматы қалалық ТЖ департаментінің хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, алдағы  жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға алдын ала дайындық жүргізілуде. Мәселен, бүгіннен бастап телеарналар мен радиоарналарда хабарландыру басталып, алматылықтар оқу-жаттығуға қатысты эвакуациялау туралы ақпараттандырылмақ.

«Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды іске қосу арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады, «ДӘРМЕН» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберіледі», - деп хабарлады департаменттегілер.

Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде халықтың іс-әрекеті бойынша жадынамалар тарата отырып, сондай-ақ ТЖ жағдайына дабыл дорбасы жасақтау бойынша оқыту тренингтері өткізілетін болады.