Алматылықтардың 85%-ы вакцина алмағандықтан КВИ жұқтырған

Алматылықтардың 85%-ы вакцина алмағандықтан КВИ жұқтырған
сурет: Kazpravda.kz

Шаһарда қайтадан вакциналау, ревакциналау басталады 

Алматы қаласы КВИ бойынша «сары» аймақта болғанмен, қалада карантиндік шаралар қатаңдатылған жоқ. Себебі, тұрғындардың 90%-да індет жеңіл түрде өтіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдың орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

«Біз әзірге қатаң шектеулерге барып жатқан жоқпыз. Себебі, халықтың 90%-да ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Осының бәрін ескеріп отырмыз. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әлі де сақтану керек. Індетке жеңіл қарауға болмайды. Әр адам өзіне, айналасына жауапкершілікпен қарау керек», - деді вице-премьер. 

Оның айтуынша, Алматыда КВИ-ге қарсы нақты шаралар қабылданып жатыр. 

«Шаһарда қайтадан вакциналау, ревакциналау басталады. Айта кетейін, бүгінде алматылықтардың 85%-ның КВИ-мен ауруының себебі, еккен вакцинасының уақыты өтіп кетуі немесе мүлде вакцина алмағаннан болып отыр. Сондықтан, қайталап айтам, вацинаны қабылдау керек, маскалық режимді, жеке гигиенаны сақтау керек», - деді ол. 

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Алматының індетке қарсы дайындық шараларын оң бағалады.

«Қазіргі таңда қалада мобильдік топтардың тек 70-і істеп тұр. Қажет жағдайда, оларды 150-ге дейін көбейтуге болады. Қалада эпидахуал бақылауда ұсталып отыр. Алматы қаласынан көп азаматтар мен жолаушылар басқа аймақтарға шығып жатады. Сондықтан, бүгінде «жасыл» аймақта тұрған өзге өңірлер індетке қарсы сақтық шараларына көңіл бөлгені дұрыс», - деп атап өтті вице-премьер.