Алматылықтарды моншада тонап жүрген ұры ұсталды

Алматылықтарды моншада тонап жүрген ұры ұсталды
Сурет: Forpost-sz.

23 жастағы жігіт 10 күн ішінде төрт рет бөтеннің мүлкін ұрлаған.

Қалта ұрысы алматылықтарды моншада тонап жүрген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды.

«ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармағы – заңсыз кіру арқылы бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқыру бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 23 жастағы К.есімді азамат ұсталды. Тергеу барысында күдіктінің Әуезов ауданындағы монша кешендерінде ғана ұрлық жасағандығы анықталды. Ол жасырын түрде түрлі маркалы ұялы телефондарды ұрлап, кейін оқиға орнынан бой тасалаған», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Істің толық және жан-жақты тергеуін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде аталған қылмыстық іс сотқа жолданатын болады.