Алматылықтарды алдаған жігіттер ұсталды

Алматылықтарды алдаған жігіттер ұсталды
Сурет: 13.ru

Қазір қаламызда Anti Fraud республикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Алматыда пәтер алаяқтары қымбат емес жылжымайтын мүлікті жалға береміз деген желеумен азаматтарды алдаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алданғандардың арасында қалада пәтер жалдап тұруды жоспарлаған 28 жастағы ару да бар. Ол хабарландырулар сайтынан қолайлы баспананы тапқан.

«Ауызша келісімге сәйкес, әйел өзіне ұнаған пәтер үшін алдын ала төлем беруі керек еді. Ол жарнама авторының карточкалық шотына 100 мың теңге жіберген. Алаяқтардың құрбаны болғанын білген бойда әйел адам Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөліміне арызданған. Алғашқы болып 24 жастағы Ж. есімді азамат ұсталды. Оның “міндетіне” хабарландыруларды орналастыру және “әлеуетті клиенттермен” хат алмасу кірген. Қылмыстың тағы бір сыбайласы – қылмыстық идеяның авторы, 28 жастағы Ж. есімді азамат. Ол қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға жауапты болған. Бұл күдікті де ұсталды. Қазіргі уақытта банк шоттары бойынша жүргізілген транзакцияларға талдау жүргізіліп, күдіктілердің басқа да қылмыстық құқық бұзушылық эпизодтарына қатыстылығы анықталып жатыр», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Еске сала кетейік, осы күндері Алматыда ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған құқық бұзушылықпен күресу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған Anti Fraud республикалық іс-шарасы өтіп жатыр.