Алматылықтар студенттер жатақханасының құрылысына инвестиция сала алады

Алматылықтар студенттер жатақханасының құрылысына инвестиция сала алады
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері айтты.

Спикерлердің айтуынша, жатақхана салу өте тиімді инвестиция.

Брифинг барысында «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Айнұр Сағындықова алматылықтарға алдағы 8 жылға мемлекеттік тапсырысты орналастырудың орнына студенттер жатақханаларын салу ұсынылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Қазіргі таңда елімізде студенттік жатақханаларда белгілі бір орын тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін ШОБ субъектілерінің белсенді қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырыс механизмі әзірленді. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен нысанға кіреді. Сәтті кірген кезде мемлекет мемлекеттік тапсырыс береді. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты – студенттің тұратын жері», - деді А.Сағындықова.

«Қаржы орталығы» өкілінің айтуынша, кез келген әлеуметтік нысанның құрылысы табысты, тұрақты ғана емес, болашағы зор бизнес жоба. Мұның бәрі нысанды өз қаражатына салған жобаға қатысушының 8 жыл бойы пайдалануға берілгеннен кейін әрбір алған төсек орны үшін мемлекеттен төлемақы алатындығынан.

Бір студентке шаққандағы мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері келесі көрсеткіштерден тұрады: құрылыс – 122 АЕК, Алматы қаласы бойынша – 144 АЕК, қайта құру – 47 АЕК, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы бойынша – 92 АЕК.

Айта кетерлігі, бүгінде республика бойынша студенттер жатақханаларында жалпы орын тапшылығы 84 129 төсек-орын болса, оның 40 417-сі Алматы қаласында.

Айнұр Сағындықова жобаның арқасында 2019 жылы 9166 орынды 10 жатақхана, 2020 жылы 20 266 орындық 75 жатақхана және 2021 жылы 30 630 орынды 124 жатақхана салынғанын айтты.

Алматыда 2018-2021 жылдар аралығында 3970 төсек-орынды 19 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Биыл мегаполис 1696 орындық үш студенттік жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Брифингтің тағы бір қатысушысы, «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар бөлімінің сарапшысы Диас Джамбулов кәсіпкерлерге жатақхана ғимараттарын салу ғана емес, қайта жөндеу жұмыстары да ұсынылып жатқанын айтты.

«Егер кәсіпкер құрылыс салуға ниет білдірсе, онда ол «Қаржы орталығы» АҚ-на жер телімінің құжаттарын тапсыруы керек. Студенттік жатақханаға қайта құруды қажет ететін ғимараты болса, құжатын да тапсырып, онымен алдын ала келісімшарт жасалады. Келесі кезекте нысанды 24 ай ішінде пайдалануға беру. Қаржылық ресурстар жеткіліксіз болған жағдайда, жеңілдікті несие алу үшін «Даму» қорына жүгінуге болады», - деп түсіндірді Д.Джамбулов.

20 жыл бойы жатақхананы  басқа мақсатта пайдалануға болмайтынын есте ұстаған жөн. Дегенмен, кейін нысанды кепілге, сатуға, жалға беруге болады.

Сөзінің соңында «Қаржы орталығының» өкілі жатақхана құрылысының тетігін жетілдіру бойынша жаңа шараларға тоқталды.

«Инвесторлармен талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмін қайта қараудың келесі нұсқасы ұсынылды: төлем мерзімін 8 жылдан 6 жылға дейін қысқарту, сонымен бірге төлемдер көлемін 20%-ға арттыру. Егер бүгінде Алматы қаласында 8 жылға төлем нормасы 144 АЕК болса, 6 жылға әр жыл ішінде 230 АЕК ұсынылады», - деді Д. Джамбулов.

Сондай-ақ, спикер студенттік жатақхана салуға шешім қабылдаған инвесторлардың бірқатар артықшылықтары барын, олар қосымша табыс көздеріне ие болатынын еске салды. Мысалы, студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді. Оның көлемін жатақхана иесі реттейді және белгілі бір аймақтағы тұрғын үй нарығының жағдайларымен анықталады. Сондай-ақ, ол негізгі тұтынушылары тұрғындар (асхана, шаштараз, спорт залы және т.б.) болатын жеке қызметтерді көрсету үшін коммерциялық кеңістік құра алады.