«Бастау Бизнес» басталды

«Бастау Бизнес» басталды
Сурет: Ашық дереккөз

Бүгін жобаға қатысуға өтінім қабылдау басталып, 10 күнге созылады. Грант алуға басты үміткерлер – жұмыссыз азаматтар мен жеке кәсіпкерлер 

Кәсіпкерлік негіздерін оқу бойынша жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Өңірлік жұмыспен қамту орталықтары іске асырып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Алматы ӨКП Шағын және микробизнесте біліктілікті дамыту жөніндегі жетекші сарапшы Абзал Өмірбай грант қажетті жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, төрт түлік, құс, ағаш көшеті, бұталы өсімдіктер, тұқым, көшет сатып алу, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажет орынжайды жалға алуға берілетінін айтты. 

«Гранттар кәсіп бастауға беріледі. Несие төлеу, тұрғын үй, жер учаскесін сатып алу сынды тұтынушылық мақсаттар қарастырылмайды. Кеңес алу үшін ӨКП Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келуге болады», – деді Абзал Өмірбай. 

Жеке кәсіпкер Меруерт Байленова - «Бастау Бизнес» жобасының түлегі. Мамандығы бойынша педагог балаларға қосымша сабақ беру, сауат ашу саласында бизнесін жүргізіп жатыр. 

 «Бастау бизнес» грантын былтыр 2022 жылы ұтып алдым. Портал өте қолайлы жасалған. Қарапайым, жүйелі түрде рет-ретімен түсінікті жасалған. Бизнес жобамды өзім жаздым, еш қиындық болмады. Негізі 2021 жылы жазғам. Ол жылы грант ұта алмадым. Әр барған сайын қойған сұрақтарына, айтқан ескертулеріне қарай толықтырып отырдым. Соңында қандай сұрақ қойса да жауабым дайын тұрды. Сөйтіп, 1 225 200 теңге грант ұтып алдым. Қазір бизнесімді кеңейттім, табысым да көбейді. Грант ұтамын дегенше қаншама кәсіпкерлермен араластым, ойым өзгерді, тәжірибе жинадым. Кәсіп бастау оп-оңай, табысты болатындай жүргізіп кету үшін біраз кеңес керек. Бірінші қиындықты сынып қалмау қажет», – деп пікірін бөлісті шағын кәсіпкер Меруерт Байленова.

Кәсіпкер өтінім қалай тапсыру, бизнес-жоспарды құру, сондай-ақ бағдарламалар жайында ақпаратты Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан ақпарат алатынын айтты. 

«Бір жобаға қатысып, кәсіп жүргізуді үйрену сонымен қатар кәсіп бастауға грант алуға болады. Бұл жақсы мүмкіндік. Өтінім беруге он күн берілген. Сонымен қатар жоба бойынша бұрын оқуға қатысқан азаматтар қолындағы мерзімі үш жылдан аспаған сертфикатымен грант алуға өтінім бере алады», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тайымбетов. 

Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша төрт лек қарастырылған.