Алматылықтар 13,3 млрд теңгенің дәрісін тегін алды

Алматылықтар 13,3 млрд теңгенің дәрісін тегін алды
Сурет: Saryarka-samaly.kz

2022 жылдың 7 айында алматылықтар амбулатория деңгейінде 13,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілген.

Бұл туралы бүгін брифингте Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Айтуынша, сақтандыру енгізілгелі бері Алматы тұрғындары медициналық қызметтерді белсенді пайдаланып келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бірнеше есе артқан.
Бүгінде тұрғындар белгілі бір сырқаттар бойынша тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеттері шеңберінде тегін дәрі-дәрмек ала алады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар, созылмалы және жедел аурулар, коронавирус инфекциясына шалдыққандарға берілетін дәрілер де бар.  

«Өткен 7 айда Алматы қаласы бойынша тегін медициналық көмек пакеті бойынша 149 мыңнан астам пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. МӘМС пакеті бойынша195 мыңнан астам ересек, 19 мыңға жуық бала тегін дәрі-дәрмек алды», - деді филиал басшысы.

Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?

Тегін медициналық көмек пакетінде: 
Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 50 түрлі дерт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

МӘМС пакетінде: 
Белгілі бір сырқатына байланысты диспансерлік есепте тұрған, сақтандырылған азаматтар қамтамасыз етіледі. Сақтандыру пакеті арқылы ересектерге 50 нозология, балаларға 73 нозология бойынша дәрі тегін беріледі.
Дәрі-дәрмек 18 жасқа толмаған балаларға дәрігер тарапынан диагнозы нақтыланғаннан кейін беріледі.

Тегін дәрі алу үшін не істеу қажет?

• Алдымен емханаға тіркелу керек 
• Диспансерлік бақылауға алынатын сырқаты болса, тиісті есепке тұру қажет
• Учаскелік дәрігер/терапевт немесе емдеп жатқан салалық маманнан дәрі-дәрмекке рецепт алады.
Тегін медициналық көмек және МӘМС  пакеті арқылы берілетін дәрілік заттардың нақты тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2100023885#z47