Алматылық Жұлдыз Ержеңіс Astana Piano Passion байқауының гран-при иегері атанды

Алматылық Жұлдыз Ержеңіс Astana Piano Passion байқауының гран-при иегері атанды
Сурет: Ашық дереккөз

Іріктеу кезеңіне 112 бала қатысты, оның 59-ы жартылай финалға өтті

Astana Piano Passion республикалық жас пианистер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Конкурсқа 7 - 17 жас аралығындағы жас таланттар қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Байқау қорытындысы бойынша Алматы қаласынан келген 15 жастағы Жұлдыз Ержеңіс Astana Piano Passion гран-при иегері атанып, 3 млн теңге жеңіп алды. Сондай-ақ оған «Астана Опера» театрының камералық залында жеке концерт ұйымдастыруға немесе әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтің жетекшілігімен симфониялық концертке қатысуға мүмкіндік берілді.

«Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – еліміздегі жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылығына жол ашу. Бүгін жеңімпаз атанған ұл-қыздарымыз болашақта әлем сахналарын бағындыра алатынына сенімдімін. Алдағы уақытта іс-шара ауқымын бұдан да кеңейтуіміз керек. Себебі музыкада шекара болмайды, кез келген әуеннің тілі барша халыққа ортақ. Бүгін марапатқа ие болған жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев гала-концертте.

Іріктеу кезеңіне 112 бала қатысты, оның 59-ы жартылай финалға өтті. Қазылар алқасы еліміздің барлық облыс орталықтарына барып іріктеу турларын және балаларға арналған шеберлік сабақтарын өткізді. Қазылар алқасы құрамында еліміздің көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ фортепиано өнері саласындағы халықаралық байқаулардың лауреаттары болды.

Байқау қорытындысы бойынша жас ерекшелігіне сәйкес үш топ арасында I, II және III орын иегерлері анықталды. Үздік музыканттарға ақшалай сертификаттар табысталды.