Алматылық жас математик үш жыл қатарынан Жәутіков атындағы олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды

Алматылық  жас математик үш жыл қатарынан Жәутіков атындағы олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды
Сурет: Inform.kz

Білімділер сайысы онлайн форматта ұйымдастырылған.

Үшінші рет қатарынан халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медалін Алматыдағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің оқушысы Таир Сатубалдин жеңіп алып, математиктер арасында үздік атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Көптеген олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері атанып жүрген Таир 5 жасынан есеп шығара білген. Бахыт Архипқызы есімді күтушісі кішкентай Таирдың математикаға деген сүйіспеншілігін оятқан. Ал мектеп табалдырығын аттаған соң, математика ең қызықты пәндерінің біріне айналған.

Дарынды бала 7-сыныптан бастап халықаралық жарыстарда бақ сынаған. Бүгінде қоржынында 20-ға жуық жеңісі бар. Былтыр Таирға Астана IT университеті тегін оқуға грант ұсынса, бүгінде Hong Kong University of Science and Technology жоғарғы оқу орнында білім алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, өзі АҚШ-тағы Massachusetts Institute of Technology университетінде оқуды көздеп отыр. Оның айтуынша, сол оқу орнында білім алуына барын салмақ.

«Сөздің шыны керек, мен халықаралық жарысқа дайындалмай барып, алтын медаль иегері атандым. Маған I кезең II кезеңге қарағанда қиындау соқты. Мәселен, бірінші турға 4,5 сағат уақытым кетсе, екінші турға 3 сағат жұмсадым. Енді алдағы өмірімді жоғары математикамен байланыстырғым келеді. Жоспарлар көп», - дейді Таир Сатубалдин.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы - информатика, физика және математика пәндері бойынша 10-12 сынып оқушыларына арналған жыл сайынғы жарыс. Биыл тартысты додаға әлемнің 21 елінен 1178 оқушы қатысқан. Жалпы, олимпиада Қазақстанда 2005 жылдан бері өткізіліп келеді.

Онлайн форматта екінші рет ұйымдастырылып отыр.