Алматылық волонтерлер балалар мен жасөспірімдер үшін танымал адамдармен кездесулер ұйымдастырып тұрады

Алматылық волонтерлер балалар мен жасөспірімдер үшін танымал адамдармен кездесулер ұйымдастырып тұрады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады. 

Балалар үйінің жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандығын және оқу орнын таңдауына көмектесу үшін Алматыда «Болашақ» жобасы жұмыс істейді. ӨКҚ алаңында брифингке қатысқан «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы, Алматы қаласы әкімі жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Бағдат Анарбаева өз жұмысына тоқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

 «Алматы қаласының еріктілері «Болашақ» жобасы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер мен қиын өмірлік жағдайда қалған жастарды әлеуметтендіруге көмектесу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, еріктілер қаладағы балалар үйлері мен әлеуметтік орталықтарда кәсіптік бағдар беру, құқықтық сауаттылыққа қысқа мерзімді оқыту, бос уақытты ұйымдастыру, ынталандыру кездесулері, мәдени іс-шаралар, тағылымдамалар және т.б. өткізеді», - деді Бағдат Анарбаева.

Осы жоба аясында еріктілер жетім балаларға арналған «Жанұя» мамандандырылған кешенінде, №1 облыстық балалар үйінде, СОС балалар ауылында, Алматы қаласындағы «Жастар үйі» әлеуметтік мекемелер түлектеріне арналған бейімдеу және қолдау орталығында жұмыс жасауда. Барлығы 12 мен 29 жас аралығындағы 100-ден астам балалар мен жасөспірімдер қамтылды.

Бүгінгі күні еріктілер ат спорты клубына, циркке тегін саяхаттар, қала бойынша экскурсиялар, профилактикалық стоматологиялық тексерулер, кинофильмдер көрсету және басқа да танымдық және мәдени шараларды ұйымдастырды. Сондай-ақ волонтерлар балалар мен жастардың кумирлерімен 23 мотивациялық кездесу ұйымдастырды. Волонтерлер балаларға арналған 30-дан астам тегін үйірмелер мен секцияларды ашуды, қазіргі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарды оқытуды жоспарлап отыр.

Осы жоба аясында алдағы уақытта жоғары оқу орындарына/орта білім беру мекемелеріне түсуге көмектесу және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен жасөспірімдерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жоспарлануда.

Бұл жоба аясындағы барлық іс-шаралар демеушілер мен Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады.