Алматылық робот құрастырушы оқушылар АҚШ-қа барады

Алматылық робот құрастырушы оқушылар АҚШ-қа барады
сурет: robotics.nis.edu.kz

НЗМ физика-математика бағыты бойынша оқитын оқушылар Хьюстонда өтетін әлем біріншілігіне дайындалып жатыр.

Робототехниканың қыр-сырын жетік меңгерген алматылық жеткіншектер АҚШ-та өтетін халықаралық турнирге жолдама алды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz 24.kz сілтеме жасап.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика-математика бағыты бойынша оқитын оқушылар Хьюстонда өтетін әлем біріншілігінде де топ жарсақ деп отыр. Олар жақында Астанада өткен республикалық сайыста жеңімпаз атанды. Қазір дүниежүзілік жарысқа дайындықтарын бастап кетті.

Алматылық «Қыран» командасы ауызбіршілік пен тапқырлықтың арқасында ұлттық біріншілікте алдына жан салмады. Олардың бапкерлерімен бірлесіп жасаған роботы әртүрлі тапсырмаларды орындай алады және жылдам қозғалады.

НЗМ технотория зертханасының жетекшісі Бекзат Іңкәровтың айтуынша, алдыңғы жарыстардан шәкірттер үлкен сабақ алыпты.

-«Біздің робот тым ауырлау екенін байқадық. Қазір салмағын біраз жеңілдеттік. Өйткені робот неғұрлым жеңілдеу болған сайын, жылдамдығы да арта түседі. Сондықтан біз 3 миллиметрлік металлмен құрастырып шықтық. Роботтың мақсаты – конусты арнайы құрылғылармен мұнараға шығаруы тиіс. Бұл жерде қазылар сан мен сапаға қарайды. Ең жылдам робот жеңімпаз атанады».

Расында робот жасау өте жауапты жұмыс. Өйткені ол роботтың әрбір қимылын жіті қадағалап отыру керек. Бір ғана қателік барлық еңбекті еш кетіреді. Сондықтан оқушылар Хьюстондағы жарысқа дайындықты әлі пысықтауы тиіс.  

«Басқа роботтармен салыстырғанда біздің робот әмбебап деп айтсам болады. Өйткені ол аз ғана уақыттың ішінде мұнараның басына бірнеше конустарды шығара алады, - дейді робот құрастырушы Иманәлі Көксал».

Айта кетелік, Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қыран» командасында 9 адам бар. Роботты жетілдіру процесі аяқталғаннан кейін оқушылар практикалық жаттығуларға көшеді. Егер оқушылар ауызбіршіліктен ажырамаса АҚШ-тан олжалы қайтуы әбден мүмкін.