Алматылық полицейлер қаза тапқан әріптестерінің балаларына демалыс ұйымдастырды

Алматылық полицейлер қаза тапқан әріптестерінің балаларына демалыс ұйымдастырды
Сурет: Polisia.kz

Балалар ойнап, көңілді және қызықты уақыт өткізді.

Алматы полицейлері қызмет барысында қаза тапқан әріптестерінің балаларына жазғы демалыс ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе зардап шеккендердің отбасыларының балаларына полиция қызметкерлері аквапаркке саяхат ұйымдастырды.

«Балалар ойнап, көңілді және қызықты уақыт өткізді. Олар экстремалды сырғанақтармен сырғанады, үлкен бассейн ешкімді бейжай қалдырмады, ең кішкентайларға аквапаркте екі бассейні бар арнайы аймақ бар. Көңілге жылылық сыйлаған іс-шара барысында балалар зор қуанышқа кенелді», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Өз кезегінде, Алматы полициясының басшылығы «Әлемнің сегізінші кереметі» аквапаркінің және «Алтын – Тараз» ТФК ЖШС ұжымына ұсынған демалысы, ілтипаты мен мейірімділігі үшін үлкен алғысын білдірді. Олардың мерекесіне ешнәрсе көлеңке түсірмес үшін 30-дан астам баланы 20-дан астам ересек адам ертіп жүрді.