Алматылық өрт сөндіруші салмағы 15 тоннадан асатын машинаны сүйреді

Алматылық өрт сөндіруші салмағы 15 тоннадан асатын машинаны сүйреді
Сурет: Inform.kz

Алматылық өрт сөндірушілер Конституция күніне орай 20 өрт сөндіру бөлімшесі арасында спорт челленджін өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Алматының өрт сөндірушілері экстремалды жағдайда өздерінің кәсіби іс-қимыл дағдыларын, күшін, ептілігін жауынгерлік киімде, керек-жарақ пен тыныс алу құралдарымен орындап көрсетті.

«Мәселен, № 4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Садық Дәулет өрт сөндіру жеңінің көмегімен, салмағы 8 тоннадан асатын Газон NEXT өрт сөндіру автокөлігін 20 метрге сүйреді. Сондай-ақ аталған өрт сөндіру бөлімінің қзметкері Дәулет Талқамбаев белтемірде күштік жаттығулар кешенін көрсетті. Ал №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Бәден Қарабатыр өрт сөндіру жеңін байлап алып орнынан салмағы 15 тоннадан асатын «УРАЛ» өрт сөндіру машинасын жылжытып, бірнеше метрге сүйреді», - деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Спорт челленджі барысында №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің маманы Сембай Жарасым тыныс алу аппаратын киіп, үш иінді жылжымалы баспалдақтың тар сатылары арасынан өтіп шықты.

«Сонымен қатар ҚР ТЖМ Алматы қаласы бойынша М. Ғабдуллин азаматтық қорғау академиясының оқу орталығының тыңдаушысы күштік кроссфит-жаттығу элементтерін орындап, «УРАЛ» автокөлігі дөңгелегінің салмағы 100 келіге жуық шинасын жылдамдыққа аударды»,- деп атап өтті ведомстводан.