Алматылық оқушылар «Үздік олимпиадалық команда – 2023» жүлдесін жеңіп алды

Алматылық оқушылар «Үздік олимпиадалық команда – 2023» жүлдесін жеңіп алды
almaty-akshamy.kz

Алматының құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада 43 жүлделі орынға ие болды, атап айтқанда, 9 алтын, 14 күміс және 20 қола медаль. Осылайша, оқушылар жалпы есепте бірінші болып «Үздік олимпиадалық команда – 2023» сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде 53 оқушы Алматы қаласының намысын қорғады. Олимпиадаға еліміздің әр аймағынан барлығы 900-ден аса 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Қатысушылар 2 турдан тұратын тапсырмалар орындады. Олар математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша зияткерлік сайыстарды қамтыды. Олимпиада 20-25 наурыз аралығында Шымкент қаласында өтті.

«Барлық қатысушыларды кезекті жеңістерімен құттықтаймыз.  Мектеп басшыларына, мұғалімдерге кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері үшін алғысымызды білдіреміз. Ата-аналарға тәрбиесі мен күнделікті еңбегі үшін алғысымыз бөлек. Атап айтсам, олимпиада жеңімпаздары халықаралық олимпиадаларға қатысуға дайындалу үшін резервке алынады. Сондықтан оқушыларға алдағы уақытта да білімдерін барынша жетілдіріп, толайым табыстар мен жаңа жетістіктерге жетулеріне тілейміз!, – деді «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнәр Кәрімқажы.

Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Щучье қаласында 2-7 сынып оқушылары XVIII Республикалық «Зерде» байқауында ғылыми-зерттеу жұмыстары ұсынылған болатын. Алматы қаласының құрама командасы  I дәрежелі – 6, II дәрежелі – 6, III дәрежелі – 11 диплом иегерлері атанып, ерекше жетістіктері үшін бес оқушы грамотамен марапатталды.

Мектеп оқушыларының байқауларға қатысуы олардың шығармашылық қабілеттерін, практикалық білімдерін дамытуға, сонымен қатар дарынды балаларды анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, биыл республикалық жарыстарға қаламыздан 93 бала қатысып, оның ішінде 66 оқушы жүлделі орындарға ие болды.