4 жасынан монета жинаған алматылық нумизмат

4 жасынан монета жинаған алматылық нумизмат
24 kz

Леонид Ярухин бала кезінен нумизматикамен айналысады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Қазір оның қолында 400-ге жуық монета бар. Леонид ең алғашқы монетаны 4 жасында бақшадан тауып алған. Ол 1738 жылы шыққан Польша монетасы болған. Ал 11 жасынан бастап нумизматикаға шындап бет бұра бастапты.

Бас кезінде ескі тиын-тебендерді өзі демалуға барған өзен-көлдердің жағалауынан іздейтін. Кейіннен ата-анасының кеңесімен ескі елді мекендердің маңын қарауға шығып, іздеп таба бастаған.

- Алдымен картамен ол жерде не болғанын қарап аламыз. Содан кейін ғана жолға шығамыз. Осы коллекцияның арқасында талай жерге бардым. Дүниетанымым толықты. Бұхар хандығы, жоңғар шапқыншылығы мен ескі қалалар туралы оқыдым. Монетадан бөлек әшекей бұйымдар мен садақ жебесінің ұштарын да жинап жүрмін. Оның біразы өзім оқитын мектептің музейінде тұр, - дейді Леонид Ярухин.

Леонидтің коллекциясындағы монеталардың ең көнесі VII ғасырға тиесілі. Өзінің айтуынша, қазіргі қолда бар 400-ге жуық монетаның әрқайсысының тарихы бар. Ол ескі тиынды тауып қана қоймай, оның неден жасалғанын, қай заманда, кімдер ұстағанына дейін зерттеп біледі. Сол дәуірдің тарихын мұқият оқиды. Оның жинағында бірнеше ғасыр бұрын жасалған тиындардан бөлек, Қазақстанның Ұлттық банкі айналымға шығарған коллекциялық және инвестициялық монеталар бар.

Қазір Леонид 8-сыныпта оқиды. Жүріп-тұруы қиын болғандықтан, мұғалімдер оны үйге келіп оқытады. "Қоларбада отырғаным білім алуыма ешқандай кедергі келтірмейді", - дейді Леонидтің өзі. Биылғы оқу жылын өте жақсы бағамен аяқтамақ. Ол болашағын тарихпен байланыстырады. Осы салада білім алып, ғылыммен айналысқысы келеді.