Алматылық ҚАЖ қызметкерлері қызмет бабында қаза тапқан әріптестерін еске алды

Алматылық ҚАЖ қызметкерлері қызмет бабында қаза тапқан әріптестерін еске алды
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері қызмет бабында қаза тапқан әріптестері А.Сабырбековтің рухына тағзым етіп, еске алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқару – қауіптің өтінде, қатердің қасында жүру деген сөз. Небір қанқұйлы қылмыскерлер шоғырланған жерде жайбарақат жүремін деген жәй сөз. Оған дәлел – бірен-саран болса да сотталғандардың қолынан қаза тапқан қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бар. Солардың бірі – Айдарбек Сабырбеков. Дәрігер мамандығын алған соң, Айдарбек жүрек қалауымен ішкі істер органдарына келген еді. Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде дәрігер мамандығы қашан да сұранысқа ие. Сондықтан да Айдарбек қазіргі №11 мекемесінің фельдшері лауазымына тағайындалады. Бұл елімізде қылмыстық ахуалдың бір күрделі кезеңі болатын. Әсіресе ауыр қылмыс жасағаны үшін колонияларда жастар жағы басым еді. Тіптен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ауыр қылмысқа барулары жиілеген кез осы екі мыңыншы жылдардың басы болатын десек, артық айтпаймыз. Ал Алматыдағы балалар колониясы - осындай жасөспірімдер жазасын өтейтін мекеме.

Айдарбек Сабырбеков өзі қалап келген қызметіне құлшына кірісті. Қылмыстың құрығына ілініп, енді соның жазасын өтеп жүрген жасөспірімдердің денсаулығын бақылауды, ауырып қалғандарын емдеуді бар ынтасымен атқарып, жасөспірімдерге жанашырлық танытудан жалықпады. Осы бір қағылез, қандай тапсырма болса да тап-тұйнақтай етіп орындайтын жігітті ұжымдағылар “Біздің дәрігер ағай” деп атап кетіп еді. Өкінішке орай, ішкі қызмет кіші лейтенанты Айдарбектің өмірі небәрі 26 жасында үзілді. 2000 жылдың 30 қарашасында ол қызметтік міндетін атқару кезінде сағат 22.30 шамасында қашып бара жатқан жасөспірімдерді тоқтату кезінде сотталған балалардың қолынан қаза тапты. А. Сабырбековке қаза тапқаннан кейін “ішкі қызмет лейтенанты” арнайы атағы берілді және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Өзі қызмет атқарған Алматы қаласындағы балалар колониясында ержүрек дәрігерге арналған бұрыш ашылып, ҚАЖД ғимаратының аумағында ескерткіш қойылды. Әріптестері Айдарбектің есімін әр мереке сайын еске түсіріп, рухына тағзым етіп тұрады.