Алматылық кәсіпкерлер арасында футболдан шағын турнир өтті

Алматылық кәсіпкерлер арасында футболдан шағын турнир өтті
Сурет: Almaty.tv

Ұйымдастырушылар наурызда футболдан үлкен турнир өткізбек

Өз кәсібінде бақталастарын басып озатын бизнес өкілдері бүгін спортта бәсекеге түсіп көрді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа төрт команда қатысты. Ойынға демеушілер шағын сый-сияпаттар да дайындапты.

«Бірінші бастама болғандықтан, төрт команда қатысып жатыр: «Тұран», «Достар-1», «Достар-2» және «Көкжалдар» командасы. Біз енді сыйлық алдық, оның сыртында ақшалай 100 мыңның көлемінде сыйлығымыз бар», – деді ұйымдастырушы Айбек Камалұлы

Ойын өте тартысты өтті. Үш команда аға буын өкілдерінен тұрса, жастар жағы бір команда болып бақ сынасты. Озық ойынымен ерекше көзге түскен «Тұран» тобы 5-3 есебімен бас жүлдені қанжығасына байлады.

«Шетелден алыс-жақын, Франциядан, Ресейден, Ираннан жан-жақтан келген қандастарымыз осы Алматыда, Астанада талай турнир өткізген едік, жалғасы. Ойын барысында әзірше «Тұран» командасының аяқ алысы жақсы», – деді турнирге қатысушы Арай Тоқтасын

«Әр қазақ - менің жалғызым» деген ұйымдастырушылар мақсаты –  елде бұқаралық спортты дамытып,  салауатты өмір салтын қалыптастыру.

«Саудада, кәсіпте жүрейік, әр қазақ бар қазақ үшін жұмыс істеу керек,  Отанға, Жаңа Қазақстанға жұмыс істеуі керек. Тек қана спорт емес, өнерде де артымыздан өсіп келе жатқан інілерімізді, балаларымызды ұлтын, Отанын сүюге тәрбиелеу»,– деді турнир ұйымдастырушысы Ерлан Төлеубай.

Ұйымдастырушылар алдағы наурыз айында футболдан үлкен турнир өткізуді жоспарлап қойған. Сондай-ақ түркі жастарының құрылтайын ашуды ойлап отыр.