Алматылық депутат Атакент аумағында жатақхана салуға қарсы

Алматылық депутат Атакент аумағында жатақхана салуға қарсы
Сурет: Ашық дереккөз

Атакентте жатақхана керек пе?

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, журналист Сергей Пономарев «Атакент» аумағында жатақхана салуға қарсы шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бұл жерде екі олимпиадалық жүзу бассейні, жаттықтыру және гимнастикалық залдар, волейбол алаңдары және тағы басқалары бар. Сонымен қатар кешенде 120 орындық қоғамдық тамақтану және жеке қызмет көрсететін спорттық жатақхана салынуда. Бұл не болады? Демалыс саябағының орталығында жаңа спорттық жатақхана салына ма? Қалаға қажет пе? Адамдар тамақтанады, қызмет көрсетіледі, яғни көлік қатынайды деген сөз», - деп жазады депутат Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ С.Пономарев атап өткендей, алматылықтар скверлер мен саябақтарда ағаштың кесілуін қашанда қарсылықпен қабылдайды. Ал бұл жерде рұқсатпен 14 қарағаш пен 4 қарағай кесілген. Оның орнына 140 жапырақты және 40 қылқан жапырақты ағаш отырғызылмақ.

«Менің ойымша, бұл жатақхананың құрылысына жол бермеу керек, жақын маңда Байзақов көшесінің бойында үлкен жатақхана бар. Атакентте жатақхана керек пе?», - дейді ол.

Қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасының мәлеметінше, Тимирязев көшесінде орналасқан жер учаскесі жекеменшік иелікте.

 «Мемлекеттік қызмет көрсету аясында меншік иесі заңсыз салынған ғимараттарды бұзып, «Дельфин» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қайта салу бойынша жоба алдындағы құжаттаманы алды. Жоба бойынша жабық жүзу бассейні, екі жабық көпсалалы зал, спортшыларға арналған 30 орындық жатақхана салу көзделген. Жұмыстар бұрын иеленген жердің шекарасында жоспарланған», - деп хабарлады басқармадан.