Алматылық дәрігерлер жаңа технологияны қолдана бастады

Алматылық дәрігерлер жаңа технологияны қолдана бастады
Сурет: Almaty.tv

Соның арқасында операциядан кейін жараның беті тез жазылып, адамда ауырсыну сезімі болмайды екен

Созылмалы геморрой мен зәр тұрмау зардабын жылдар бойы тартып келген науқастар енді тез сауығады. Себебі алматылық дәрігерлер ота жасауда жаңа технология қолдана бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бұл – Қалқамандағы аурухананың хирург-проктолог мамандары бүгіндікке жасап жатқан 6-операция. Әдетте мұндай ота 1 сағатқа созылатын. Алайда жаңа әдістің арқасында 20-30 минутта аяқталды.

Дәрігерлердің айтуынша, жаңа технологияны қолдана бастағалы бір күнде көп науқасты емдеуге мүмкіндік бар.

«Менде созылмалы геморрой болатын, соған ота жасаттым. Талай жылдан бері ауырып жүрдім. Дәрігерлердің арқасында, екіншіден, жаңа технологиялық әдістің арқасында қиналмадым, ота жеңіл өтті», – деді науқас Сандуғаш Темірова.

Дәрігерлер мақтаған, науқастар жақтаған жаңа құрылғыны медицина мамандары мұны соңғы уақытта жиі қолданып жүр. Соның арқасында отадан шыққандарда ауырсыну сезімі болмайды. Ауруы асқынбайды және ішектің анатомиялық құрылымы тез арада қалпына келеді. Геморройды емдеудегі жаңа әдістің бұрынғыдан басты айырмашылығы да – осы.

«Циркулярлы тігетін «Лонго» деген аппарат бар. Шырыш қабығын ойып алып, содан соң тігіледі. Көлемі 32-34, әртүрлі болады. Тәжірибемізбен салыстырғанда, бұрынғы хирургиялық тәсілге қарағанда осы ота жеңіл өтеді», – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының колопроктолог дәрігері Марат Қаленбаев.

Медицина мамандарының айтуынша, жаңа технологиямен жасалған отадан кейін науқастар бір жұмада құлан таза айығады. Алайда бұл әдісті ауруын жасырып, асқындырып алғандарға қолдана алмайды. Сондықтан уақытылы қаралған жөн. Әлекке салатын ауру ұзақ отырудан ғана емес, дұрыс тамақтанбаудан да шығады.