Алматылық дәрігерлер Рамазан айында тамақтан уланудан сақ болуға шақырды

Алматылық дәрігерлер Рамазан айында тамақтан уланудан сақ болуға шақырды
Сурет: Mfa.gov.kg

Бірқатар кеңес берді.

Алматының санитарлық дәрігерлері Рамазан айында тамақтан улану мен жіті ішек инфекцияларынан сақтануға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сілтеме жасап.

Қазір эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты барлық шектеу шаралары алынып тасталды.

«Бұл ауыз ашар кезінде адамдардың көптеп жиналуына мүмкіндік береді. Бірақ, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін КВИ-дің қарапайым алдын алу шаралары туралы ұмытпаңыз. Оразаларыңыз қабыл болсын!» - делінген департамент таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, мамандар тамақтан уланудан және ЖІИ ауруларынан қорғану үшін бірқатар кеңес ұсынады. Атап айтқанда:

- жарамдылық мерзімі өткен, таңбасы анық емес немесе жоқ ыдыста деформация және бомбаж белгілері бар тамақ өнімдерін рұқсат етілмеген сауда орындарынан алмау керек;

- егер ыдыстың бүтіндігінің бұзылу белгілері болса, мұздатылған азық-түлікті сатып алмаңыз;

- тез бұзылатын тағамдар мен дайын салаттарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтамаңыз, себебі бұл бактериялар мен токсиндердің жиналуына әкелуі мүмкін;

- респираторлық және асқазан-ішек ауруларының белгілері бар науқастардың тамақ дайындауына жол бермеңіз;

- үйде жеке гигиена ережелерін және ыстық, суық тағамдарды дайындау технологиясын, тамақ өнімдерінің, әсіресе, тез бұзылатын және шикі өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын сақтау керек, сондай-ақ дайын тағамды бөлек сақтау қажет;

- шикі және дайын өнімдерге бөлек пышақ пен тақтай пайдаланыңыз;

- көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды су астында, ал балалар үшін қайнаған сумен мұқият жуыңыз;

- салаттар, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, тағамдарды бір күннен артық сақтамаңыз;

- жаңа дайындалған тағамды алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырмаңыз.

Егер дайын тағам келесі күнге қалса, оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу керек (қайнатыңыз немесе қуырыңыз);

 - тағамдарды, әсіресе, ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият қуырыңыз немесе қайнатыңыз;

- торттарды тоңазытқышта сақтаңыз, сонымен қатар бұл тез бұзылатын тағам екенін ұмытпаңыз;

- су ішуге және тамақ дайындауға сүзілген суды пайдаланыңыз.