Алматылық дәрігерлер көзіне темір кірген адамға ота жасады

Алматылық дәрігерлер көзіне темір кірген адамға ота жасады
Сурет: Орталық қалалық клиникалық аурухана

Күрделі ота 3 сағатта аяқталды.

Алматылық дәрігерлер көлігін жөндеу барысында оң көзіне металл сынығы түскен 62 жастағы ер азаматтың жанарын сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көзге жоғары технологиялық операциялар жасайды. Биыл жыл басынан бері офтальмология бөлімшесінде 450-ге жуық операция жасалыпты.

"Металл сынығы көздің барлық қабатынан өтіп, көз орбитасының ішіне, жанардың жүйке тамырлары орналасқан тұсына қадалған. Ота барысында металл алынып, жарақаттың салдарынан болатын менингит пен сепсистің алдын алдық. Күрделі ота 3 сағатта аяқталды. Жалпы мұндай ота асқан шеберлікті, зергерге тән дәлдікті талап етеді. Өйткені операция барысында көздегі шыныәйнектің пішініне титтей де зақым келмеуі тиіс", - дейді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.

Жоғары технологиялар мен білікті мамандар пациенттің көз жанарын сақтап қалды. Қазір емделушінің жағдайы жақсы, көру қабілеті қалпына келді. Бірақ ол алдағы уақытта көз дәрігерлерінің бақылауында болуы керек.