Алматылық дәрігерлер инсульт қаупін жойып, пациент өмірін сақтап қалды

Алматылық дәрігерлер инсульт қаупін жойып, пациент өмірін сақтап қалды
Сурет: Clinicnacpp.ru

Қазір пациенттің жағдайы жақсарды.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері жоғары технологияларды пайдалана отырып жедел түрде ота жасады. Рентгеноваскулярлық стенттеу деп аталатын операция нәтижесінде пациентің өміріне төніп тұрған қауіп сейіліп, инсульт қаупі жойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген 60 жастағы ер адам басы айналып, қатты ауырғанын айтып шағымданған. Оған қоса аяқ-қолы жансызданып, көру қабілеті нашарлаған, деп хабарлайды ОҚКА баспасөз қызметі. 

Хабарламаға сүйенсек, тексеру барысында мойындағы күре тамыр 90 пайызға тарылған, ұйқы артериясының стенозы деген диагноз қойылды.

«Күре тамырға пункция жасалып, атеросклерозға шалдыққан тамырға катетер орнаттық. Сол арқылы тамырдың тарылған тұсына стент қойылып, оның қанды өткізу қабілеті толық қалпына келтірілді. Манипуляциялар толығымен рентген сәулелердің көмегімен, арнайы жоғары технологиялық ангиографиялық аппарат арқылы жүргізілді», - дейді Нейрохирургия бөлімі меңгерушісі, дәрігер Марат Алматов.

Дәрігерлердің айтуынша, ота сәтті өтті, қазір пациенттің жағдайы жақсарды.

Естеріңізге сала кетсек, Орталық қалалық клиникада тұрғындарға мидағы қан тамырларына жасалатын жоспарлы және шұғыл оталардың барлық түрі жүргізіледі. Операциялар, соның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын манипуляциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізіледі.