Алматылық дәрігер ұшақта науқастанған әйелді құтқарып қалды

Алматылық дәрігер ұшақта науқастанған әйелді құтқарып қалды
Сурет: Aлматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Егде жастағы әйелде жүрек талмасының барлық белгілері байқалған.

Ұшақ Алматыға қонғанша 4 сағат бойы медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды жүргізіп, шұғыл көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні қазақстандық туристер мысырлық Шарм-эль-Шейх курортынан Алматыға қайтып келе жатқан.

Ұшудың екінші сағатында "Air Cario" бортындағы 72 жастағы жолаушы ауырып қалды. Сол сәтте оған көмекке Алматы қаласы №4 қалалық аурухананың дәрігері Нұржан Әжібеков пен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үш студенті көмекке келген.

"Бір кезде алдында отырған әйел әбігерге түсті, әрі оның қолында нәрестесі болды. Содан кейін стюардтар ұшақта дәрігерлердің бар-жоғын сұрады. Медицина университетінің студенттері және мен жауап бердік. Бастапқы тексеру кезінде миокард инфарктісінің даму қаупі бар деп күдіктендім. Әйел ес-түссіз жатқан, оған дейін құсқан, тамыр соғысы әлсіз, қан қысымы төмен болды. Содан кейін хаттама бойынша әрекет еттік: құсудан асфиксияны болдырмау үшін ауыз-жұтқыншақты тазаладық, содан кейін жүрекке түсетін жүктемені азайту үшін науқастың аяғын 60°-қа көтердік. Науқасты оттегі беретін Бобров аппаратына қостық. Студенттер белсенді түрде көмектесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қан қысымы 80/60-тан 130/80-ге, қанықтылық 87-ден 96-ға көтерілді. Әйел есін жия бастады. Алдымызда келесі мәселе туындады: кері ұшып, жақын жердегі Иран еліне қонып, жолаушыны ауруханаға жеткізу немесе оттегі жағдайын сақтап, Қазақстанға ұшуды жалғастыру. Құдайға шүкір, бұл рейс барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және құралмен жабдықталған болатын, бұл бізге науқасқа барынша көмек көрсетуге мүмкіндік берді - үйге ұшамыз деген шешім қабылданды. Біздің міндетіміз – рейс соңына дейін өмірлік маңызды көрсеткіштерді сақтау болды", - дейді сол ұшақпен ұшқан Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.

Нұржан Әжібеков – бас ми мен омыртқаға ең күрделі жоғары технологиялық операциялар жасалатын Алматы қаласы №4 қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Дәрігер жыл сайынғы еңбек демалысына шығып, сол күні отбасымен демалыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан.

Куәгерлердің айтуынша, ұшақта болған маман мен медицина университетінің студенттері әйелдің жағдайын тұрақтандырып, есін жиғызып, жағдайын бақылаған. Ұшақта көмек көрсеткен С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерінің есімдері де белгілі: Қажыров Дәулет, Жарқын Рахат және Саида Бармағамбетова.

Туыстарының айтуынша, Күлжамал Рахметтуллақызы Алматыға келгеннен кейін бірден ауруханаға түскен, жағдайы жақсы.