Алматылық әйелдің шотынан 5 мың доллар шешіп алған күдіктілер видеоға түсіп қалды

Алматылық әйелдің шотынан 5 мың доллар шешіп алған күдіктілер видеоға түсіп қалды
Сурет: Ktk.kz

Алматы полициясы камераның объективіне түсіп қалған екі ер адамның суретін жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, олар жәбірленушіні алдап, ақшасын иемденіп алған.

«Әйелдің ұялы телефонына қоңырау шалған ер адам өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, одан: «Депозиттік шоттан жеке шотқа ақша аударуға өтініш білдірдіңіз бе?» - деп сұрайды. Содан соң күдікті әйел адамға телефонына келіп түскен кодты айтатын болса, шотқа кибершабуылдардан қорғайтын арнайы қорғаныс орнатамыз деп сендірген. Өзін алдап тұрғанынан еш күдіктенбеген әйел айтылған талаптарды орындаған», - дейді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Полиция өкілінің айтуынша, бірнеше күннен кейін банк қызметкерлері әйелге хабарласып, шотынан 5 мың доллардан астам қаражат шешілгенін айтқан. Тек сол кезде алматылық алаяқтардың құрбаны болғанын түсінеді.