Алматылық көрерменнің назарына «Аида» операсы ұсынылмақ

Алматылық көрерменнің назарына «Аида» операсы ұсынылмақ
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Опера қалың көрерменге 15 желтоқсанда жол тартады.

Абай атындағы Қазақ  ұлттық  опера және балет театрында Дж. Вердидің «Аида» операсының жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

«Аида» операсы - әлемдік операда өзіндік ойып алар орны бар, театрсүйер қауымның арасында ең танымал туындылардың бірі. «Аида» - махаббаттың ұлы күшін баяндайтын психологиялық музыкалық драма. Абай атындағы ҚазҰОБТ-да бұл қойылымның қойылмағанына бес жыл толыпты. Қазір қоюшы-режиссер Ләйлім Имағазина мен қоюшы-суретші Вячеслав Окунев бастаған шығармашылық топ сахнада біздің дәуірімізге дейінгі екі мың жыл бұрынғы Мысыр перғауындары мен жауынгерлерінің әлемін қайта жандандырды.

Қойылым туралы бүгін Ләйлім Иманғазина, Вячеслав Окунев, Абай атындағы ҚазҰПУ директорының міндетін атқарушы Тайыр Қаратаев, суретші-бейнограф Виктория Злотникова мен арнайы шақырылған солист Ахмет Агади айтып берді.

«Мысырлық мифология жылдан-жылға түрлі теориялар мен болжамдармен толықтырыла түсуде. Ежелгі өркениеттің асқақ жетістіктері сырттан келген күштермен, өзге ғаламшар ықпалымен жасалды деген де ойлар бар.  Сондықтан бізге спектакльмен жұмыс жасау кезінде екі өркениеттің - Ежелгі Мысыр мен фантастикалық әлемнің тоғысу стилистикасын пайдалану қызықты болып көрінді. Біз ежелгі артефактілердің фрагменттері мен техногендік әлемнің дизайнынан өзінше пазл ойлап таптық... Қалай шыққанын көрермен бағалар», - деді қоюшы-суретші Вячеслав Окунев.

Джузеппе Вердидің өлмес туындысы әлемнің барлық жетекші опера театрларының репертуарынан табылады. Мысыр әскери қолбасшысы Радамес, тұтқынға түскен эфиопиялық ханшайым Аида мен перғауын қызы Амнерис махаббат пен бостандық, махаббат пен кек, ал соңында – махаббат пен өмір арасынан ауыр таңдау жасауға тиіс еді. «Аида» операсының басты ерекшелігі де осында – қабірлердің біріндегі қазба жұмыстары барысында табылған ежелгі папирустан алынған оқиғаның шынайы сюжеті негізге алынған.

«Әлем уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидалардан қорқады. «Аида» - ғасырлар көшінде барлық уақыт пен халықтар үшін жазылған опера. Кейіпкерлері сезім мен парыздың арасында таңдау жасайтын махаббат тарихы Ежелгі Мысырдың құпиялары мен сырларына толы. Вердидің ұлы музыкасы жұлдыздарға, ғарыш кеңістігінің шексіздігіне жетелейді», - деді өз кезегінде Ләйлім Иманғазина.