Алматыдағы хайуанаттар бағына – 84 жыл

Алматыдағы  хайуанаттар бағына – 84 жыл
Сурет: Vlast.kz

Қала тұрғындары мен қонаққа келушілер көп баратын бұл орын 1937 жылғы 7 қарашадан бастап жұмыс істеп келеді.

Алматыдағы хайуанаттар бағы өзінің 84 жылдығын атап өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Осы жылдар ішінде көптеген қуанышты оқиғалар болды. Экспедициялар, Кеңес Одағының қалаларына, Дуров циркіне саяхаттар жасалды, 70-жылдары бізде бес піл туды, 80-жылдары – бір жұп бегемоттан он бегемотқа көбейді, 2006 жылдан бастап 15 керіктің төлі  өмірге келді. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиын кезеңдерді хайуанаттар бағы да бастан кешірді, бірақ сақталып қалды», - деп еске алады хайуанаттар бағының қызметкерлері тарихтың кейбір сәттерін.

Түрлі жағдайларға қарамастан, Алматы хайуанаттар бағы бұрынғыдай еліміздің басты хайуанаттар бағы саналып, жақсы жаққа өзгеріп, заман талабына сай дамып келеді.

Тоғандарды қалпына келтіру жұмыстары басталып, аюлар мен қасқырларға арналған жаңа қоршаулар салынды. Бұл жетістіктерге Алматы хайуанаттар бағы қызметкерлерінің талай буынының еңбегі, күш-жігері жұмсалды.

«Алда көптеген жоспарлар мен идеялар бар, біз оларды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Туған күнімізбен құттықтаған лебіздеріңізді қабылдаймыз», - делінген хайуанаттар бағының Instagram парақшасында жарияланған хабарламада.