Алматыдағы Есентай өзенінің жағалауы танымастай өзгерді

Алматыдағы Есентай өзенінің жағалауы танымастай өзгерді
Сурет: Almaty.today

 Есентай өзенінің арнасы жөнделіп, ажары кіріп қалды

Есентай өзенінің жағасына ағаштан жасалған 800 метрлік жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ өзен айналасындағы 3 мың шаршы метр аумаққа көпжылдық өсімдіктер егілмек. Қалалық жасыл экономика басқармасы Есентай өзені жағалауының 1,8 шақырым аумағын ретке келтірді. Қазір мегаполис орталығында әсем табиғатпен үйлесім тапқан променад алматылықтардың ең сүйікті орнына айналып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Almaty.tv сайтының ақпаратына сүйсенсек, Есентай өзенінің бойында жөндеу жұмыстары 2020 жылы мамыр айында басталған. Бұған дейін қараусыз жатқан өзеннің жағасы қазір адам танымастай өзгерген. Бір ерекшелігі – мұнда көлік пен велосипед жолдары жоқ. Тек 1,6 шақырым тас жол мен 800 метрлік ағаштан жасалған жаяу жүргіншілер жолы салынған.

«Жағалауларының бәрін бекіту жұмыстары, сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Осы жолдың бойына 3 мыңнан астам бұталы ағаштарды егу жұмыстары бар. Ағаштар және 3 мың шаршы метр жасыл көпжылдық өсімдіктер егіледі», – деді қалалық жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.

Мұнда өзен арнасын тазарту жұмыстары да қолға алыныпты. Жөндеу кезінде қоқыстан бөлек, 20 мың текше метр тас шығарылып, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Жағалаудың адам жүретін бөлігіне су жаңа балалар алаңы салынып, жарық бағандары мен орындықтар қойылған. Ал екінші бөлігі табиғи қалпында сақталып қалды. Бұл қаланың дәл ортасында бой көтерген бірегей парктің табиғатпен үйлесім табуына ықпал етеді дейді мамандар. 

«Ең алдымен, табиғи жер бедерін сақтау керек. Мысалы, өзеннің өзіндік күші бар. Егер су тасқыны немесе сел болса, қатты су ағыны өз жолында бәрін бұзып өтеді. Ал өзен арнасындағы бұрылыстар жоғары жылдамдықпен аққан суды тоқтата алады. Яғни, бұл табиғи жолмен қалыптасатын құбылыс. Ал мұнда дәл осы бедер сақталып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді эколог Тимур Елеусізов. 

Абаттандырылатын аумақ Кіші Алматы өзенін бөліп тұратын дамбыдан бастап, Оспанов көшесіне дейін жалғасады. Алдағы уақытта абаттандыру жұмысы біткен соң, жайлы орта қалыптастыру мақсатында қазіргі заманғы әжетханалар мен полиция пункттерін, бейнебақылау камераларын қою көзделіп отыр.

«Қала тұрғындарына, қала қонақтарына, жаяу жүргіншілерге, спортпен айналысатындарға, қарияларға ыңғайлы қылып жасалды. 50-ден аса үй бар. Олардың әрқайсымен дербес жұмыс істеп, әрқайсының өз шекарасын, аумағын өзіне ыңғайлап, ығыстырдық та, халыққа ыңғайлы қылып, осы жерді дайындап отырмыз», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.

Қалалық жасыл экономика басқармасының мәлімдеуінше, бұл жобаға бюджеттен 4,2 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Негізі, шаруа биыл жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Алайда, мердігерлердің кепілдемесімен толық қолданысқа 2022 жылы көктемде берілмек. Алдағы уақытта игі бастама жалғасын тауып, Есентай жағалауын абаттандыру Медеуге дейін тағы созылмақ. Осылайша, алматылықтар мен спортсүйер қауым үшін қаладан тауға дейін ыңғайлы жағдайда жаяу серуендеуіне мүмкіндік жасалады.