Алматыдағы Antikor Ortalygy алаңында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкіллдерімен кездесу өтті

Алматыдағы Antikor Ortalygy алаңында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкіллдерімен кездесу өтті
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Кездесу қорытындысы бойынша бизнес орта өкілдері нәтижелі кездесуге оң пікірлерін айтты.

Antikor Ortalygy-ның мамандары бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Кездесу барысында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов, Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов, Алматы қаласы Экономикалық тергеу қызметінің басшысы Емберген Құдайберген, «Алматы – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айнұр Сабитова, прокуратура, полиция, бизнес қоғамдастық және Алматы қаласының Кедергілер жөніндегі кеңес өкілдері қатысты.

Спикерлер монополияға қарсы саясаттың бағыттары, жұмыстағы басымдықтар, бизнес орта өкілдерімен өзара қарым-қатынас, "Адалдық алаңы" аясында бірлескен жұмыстың маңыздылығы тақырыбын көтерді.

«Ең алдымен, пікір алмасу үшін краудсорсинг алаңдары ашылғанын атап өткім келеді, онда ең өзекті мәселелер бойынша 200-ден астам сессия өтті. Еліміздің 17 өңірінде кедергілер жөніндегі кеңестер жұмыс істейді, оларға 200-ден астам сарапшы қатысады. Осы уақыт ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды қиындататын 80-нен астам кедергі анықталды», - деп атап өтті аппарат басшысы Саян Ахметжанов.

Алматы қаласы бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшылығымен қызметтің аралық қорытындылары талқыланды, атап айтқанда 11 хабарлама, 13 ұйғарым енгізілді, 4 тергеу аяқталды және 15 әкімшілік іс қозғалды. Әлеуметтік бағдарланған нарықтарда тауарлық газды өткізу, азық-түлікті, сондай-ақ бастапқы тұрғын үйді өткізу бөлігінде талдаулар аяқталды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырмасын орындау шеңберінде бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті құрылыс материалдарын өндіру мен көтерме сатудың 11 түрлі нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізуде.

Кездесу қорытындысы бойынша бизнес орта өкілдері нәтижелі кездесуге оң пікірлерін айтып, осындай іс-шараларды Antikor Ortalygy алаңында тұрақты негізде шағын және орта бизнес өкілдерін кеңінен тарта отырып, өткізуге тілек білдірді.

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов одан әрі ынтымақтастыққа, бәсекелестікті қорғау және дамыту органдарына әдіснамалық көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді және бірлескен шаралар мемлекеттік міндеттерді шешу үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, сондай-ақ елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін әлдеқайда тиімді болады деген пікір білдірді.