Алматыдан қашпақ болған бір топ мародер ұсталды

Алматыдан қашпақ болған бір топ мародер ұсталды
Сурет: Inform.kz

Алматыдан қашпақ болған бір топ мародер ұсталды. Бұл туралы қалалық комендатураның ақпараттық орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Медеу аудандық полиция қызметкерлері Маңғыстау облысының бес тұрғынын ұстады. Олардан түрлі сауда үйлерінен ұрланған заттай айғақтар табылды. Күдіктілер бұл заттарды тонау жолымен алғанын мойындады.

Сондай-ақ, ұсталғандардан әскери қызметшілерге тиесілі шу гранаталары, бас киімдері, оқ өтпейтін киім мен қалқандары тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу) және ҚР ҚК-нің 188-бабы (Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс сотқа жіберілетін болады.