Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлағандар Шымкентте ұсталды

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлағандар Шымкентте ұсталды
Сурет: Inform.kz

Күдіктілер екі «сайга» аңшылық карабині мен 70 оқ-дәріні сатып жіберген

 Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүкеннен қару ұрлаған үш күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Олардың екеуі Алматыда жалдамалы пәтерде тұрған, ал үшіншісі ескі досына қонаққа барған.

Содан тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қару-жарақ дүкенінен қолдарына түскеннің бәрін алып, жасырыну мақсатында Шымкентке келген. Күдіктілер қолды еткен «сайга» аңшылық карабині мен 70 оқ-дәріні сатып жіберген, ал тирге арналған мылтықты күдіктілердің бірі өзінде қалдырған.

«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 291-бабы («қаруды жымқыру») бойынша тіркелді. Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Қазір олар қамауда. Жедел уәкілдер қаруды сатып алушыларды да анықтап, ұстады», - деді Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов.

Сондай-ақ, департаменттің бас тергеушісі қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруларды анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.