Алматыдағы «Саяхаттың» орнына үй салынуы мүмкін

Алматыдағы «Саяхаттың» орнына үй салынуы мүмкін
Сурет: 24.kz

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматыда бұрын "Саяхат" автовокзалы орналасқан аумақта тұрғын үй кешені салынуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Шенеуніктердің айтуынша, қазіргі уақытта автовокзал жері мемлекет меншігінде емес. Бірнеше жыл бұрын оны жеке компания сатып алған.

"Жер учаскесінің иесі 2018 жылғы 1 қазандағы сатып алу-сату шарты негізінде Sayahat Realty ЖШС саналады. Жер телімінің нысаналы мақсаты - коммерциялық үй-жайлары мен жерасты автотұрағы бар көп функционалды тұрғын үй кешені.

Қазіргі уақытта алаң қоршалған, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмейді. Жоба алдындағы құжаттаманың толық пакеті жоқ", - деді қала құрылысын бақылау басқармасы өкілдері.

Бұған дейін алматылықтар "Саяхат" автовокзалы ауданындағы шектеулерге шағымданған болатын. Олардың айтуынша, қаланың қақ ортасында бес гектар аумақ темір қоршаумен қоршалған және автотұраққа рұқсат жоқ.