Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығында 16 мыңға жуық науқас тіркеуде тұр

Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығында 16 мыңға жуық науқас тіркеуде тұр
Сурет: Ашық дереккөзі

Мұнда еңбекпен оңалту бөлімі бар

Психикасы ауытқығандардың тұрақты жұмыс табуы қиын-дейді мамандар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Көбі әлеуметтік жәрдемақыға күн көреді.  Есепте тұрғандардың біразы психикалық сауықтыру орталығында еңбек етеді. Мұнда еңбекпен оңалту бөлімі бар. Баспахана, тігін цехы, картоннан конверт жасау және бау-бақша егу жұмыстарымен айналысуға болады. Жалпы саны 70-ке жуық адам еңбек етеді. Күніне 6 сағаттық жұмыстың айлығы 20 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Ең бастысы науқастар үйде отырып, күйзеліске  түспейді. Өзі сынды жұмысшылармен араласып, қоғамға пайдасын тигізеді. 

«Осы жылдан бастап біз аз болса да өзіміздің жаңағы бақшамызды аштық. Сол бақшада өзіміздің науқастарымыз сол жерде биылдан бастап егіп, өздеріңіз жемістерін нәтижесін көрдіңіздер соны еңбек етіп, соны егіп, соның піскенін көрсеңіз ғой. Аурулардың өздерінің қанағаттанғанын көресіздер», - дейді қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.