Алматыдағы көшелерді ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр

Алматыдағы көшелерді ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр
Сурет: In

Қазіргі кезде екі көшені ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан брифинг барысында қаладағы көшелердің қалай ұзартылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

Спикердің айтуынша, Төле би көшесі Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін батыс бағытта 4,5 шақырымға ұзартылмақ. Жол құрылысына дайындық жұмыстары мен материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 «Төле би көшесін ұзарту жұмыстары биыл ғана басталды. 270-ке жуық жер учаскесі жолдың үстінде тұр. Осы учаскелерді сатып алу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Тек содан кейін ғана инженерлік желілерді қайта жаңғырту, жұмыстары басталады. Соған қарамастан, «Алма сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына қолайлы болу үшін биылғы жылы Алатау даңғылынан шығыс бағыттағы жолды Жүнісов көшесіне дейін қосып, көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болмақ. Болашақта бұл жол алты жолаққа дейін кеңейтіліп, негізгі жолға айналады», - деді ол.

Басқарма өкілінің айтуынша, жер учаскелерін сатып алу шамамен 2023-2024 жылдарға жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, спикер Әуезов көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі ұзындығы 0,4 шақырым бөлігі пайдалануға берілгенін мәлім етті.

Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 6,2 шақырым болатын екі көшені (Абай даңғылы, Саин көшесі) ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Абай даңғылының ұзартылған бөлігіндегі аспалы жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Ернұр Абжахан.

Сонымен қатар, ол Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі Саин көшесі 3,2 шақырымға дейін ұзартылатынын жеткізді. Құрылыс-монтаж жұмыстары 40 пайызға орындалды. Жұмысты толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.