Алматыдағы білім саласына қосымша 14,3 млрд теңге бөлінеді

Алматыдағы білім саласына қосымша 14,3 млрд теңге бөлінеді
Сурет: Almaty.tv

Алдағы уақытта қаланың бірнеше ауданында жаңа мектеп салынады.

Алматы бюджетінен білім саласына бөлінетін қаражатқа қосымша 14,3 млрд теңге қарастырылуда.Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәслихат сессиясында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Халық санының өсуі мен оқушы орындарының тапшылығын ескере отырып, білім беру саласында қосымша 14,3 млрд теңге қарастырылуда. Бұл қаражат Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында 7 500 орындық 5 мектеп салуға (5,5 млрд теңге), сондай-ақ 19 білім беру объектісіне (15 мектеп, 4 балабақша) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бағытталады», - деді Ерболат Досаев. 

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, мұғалімдерге ғылыми дәрежелері, тәлімгерлік, кешкі уақытта және мектепке дейінгі оқыту үшін қосымша ақы төлеу (1,7 млрд. теңге) арқылы педагогтерге қолдау көрсетіледі. 

«Өйткені бұл шығындар қазіргі жан басына қаржыландыру шығыстарына кірмейді. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру ұйымдарының жылу  бойынша берешегін өтеу үшін біз 2 млрд теңгені коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге жібереміз»,- деді қала әкімі.