Алматыдағы бейнекамера саны артатын болды

Алматыдағы бейнекамера саны артатын болды
Сурет: Kubnews.ru

Жыл соңына дейін тағы 600 жуық камера орнатылады.

Алматылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына деін қалада қосыма тағы 600 жуық бейнекамера ортатылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін адамдар көп жиналатын орындарда (білім беру объектілерінде – 263, аулаларда – 130, парктер/скверлерде – 152, жол қиылыстарында – 52) 597 бейнекамера орнатылады. Қолданыстағы 490 камераға есептелген 86 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешеніне қосымша 2023 жылдың I-ші тоқсанында 399 камераға арналған 85 «Сергек» кешені орнатылады. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін Жетісу ауданында камералардың санын 996 бірлікке дейін көбейтеміз», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар шаһар жетекшісі  аудандағы жол инфрақұрылымы туралы айтты.

«Осы жылдың басынан бастап жалпы ауданы 28 мың кв. метр болатын 124 жол учаскесіне ағымдағы (шұңқыр) жөндеу жүргізілді, ұзындығы 26,3 км 21 көше орташа жөндеуден өтті. Сіздердің өтініштеріңіздің негізінде Көкжиек шағын ауданында тротуарлар мен арықтармен бірге жолдарға жөндеу жүргізілді. Қараша айының соңына дейін 2-ші Гончарная көшесінде орташа жөндеу аяқталады»,- деді қала басшысы.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 мекенжайда ұзындығы 16,3 км жаңа тротуар салынды, сондай-ақ адамдар жүретін өткелдерде 3 светофор орнатылған.

«Тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, Жетісу базарынан Адем сауда үйіне дейін ұзындығы 28 км құрайтын №138 жаңа маршрут ұйымдастырылды. №46 маршрут 1 км-ге ұзартылды (Кемел шағын ауданында Есімхан көшесінен Арлан көшесіне дейін) автобустар саны 10-нан 12-ге көбейді. Сонымен қатар 8 маршруттың (№40, 41, 70, 135, 52, 56, 69, 80) жылжымалы құрамы толық жаңартылды», - деді Ерболат Досаев.

Тұрғындардың өтініші бойынша қыркүйек және қазан айларында Жетісу ауданында 30 жаңа остановка кешені орнатылған.