«Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі өтеді

«Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі өтеді
Сурет: Ticketon.kz

Биыл тұңғыш рет «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі өтеді. Аталмыш жоба КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығы аясында жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Роза Бағланова ұзақ жылдар бойы Алматыда еңбек еткен. «Қазақтың бұлбұлына» қанат бітіріп, музыка өнерінің биігіне шарықтауына шабыт берген Алматы қаласы десек, артық болмас. Сондықтан «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы Роза Тәжібайқызы ерекше жақсы көрген Алматы қаласындағы бірқатар мәдениет ұйымдарында ауқымды мерекелік шаралар өткізуді жоспарлап отыр. 

Фестиваль шымылдығы 25 қыркүйек күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында «Біздің жәрмеңке» атты дәстүрлі музыка концертімен ашылады. Концертке Ұлттық өнер орталығы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының солистері мен ұжымдары, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы қатысады. 

27 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Классикалық музыка жауһарлары» атты классикалық музыка концерті өтеді. Концертте ең танымал камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі «Forte Trio», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Желтыргузов, Бибігүл Жанұзақ, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік және халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айгерім Алтынбек өнер көрсетеді.  

Өнер фестивалі 6 қазанда Әлім Бейсембаевтың Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірлескен концертімен жалғасады. Оркестрге Қанат Омаров дирижерлік етеді. Әлім Бейсембаев - Англияның Лидс қаласында өткен ХХ фортепианошылар байқауының жеңімпазы, «Уотерман» алтын медалінің иегері. 

20 қазанда Almaty Theatre-да белгілі эстрада әртістерінің қатысуымен «Алматым жүрегімде» гала-концерті өтеді. Шарада алматылықтар үшін халықтың сүйіктілеріне айналған «Қазақконцерттің» солистері Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртістері Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанна Орынбасарова, Құрмаш Махан, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Рухия Байдүкенова, Райым Уайыс, Алибек Әлмадиев, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдухалық, Гүлсім Мырзабекова, Ербол Нариманұлы, сондай-ақ «Азия» және «Меломен» топтары өнер көрсетеді. 

Фестиваль аясында еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш әрі жалғыз мемлекеттік мюзикл театры «Astana Musical» алғаш рет алматылық көрермендеріне барлық қойылымдарын сахналамақ. 25 қазан күні «Нұрсұлтан Назарбаев қорының» концерт залында «Сиқырлы сазды хор-концерт» концерт-спектаклі, 26 қазан күні «№13» комедиясы қойылады. 

27 қазанда Almaty Theatre-да алматылық көрермендер «Достар серті» мюзиклін тамашалап, 70-жылдардағы консерваторияның шығармашылық әлеміне саяхат жасайды. 28 қазанда «Нұрсұлтан Назарбаев қорының» концерт залында ұрпақтар арасындағы қарама-қайшылық, өскелең ұрпақтың мәселелері, оқушылардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы сияқты өзекті тақырыптарды қозғайтын «ЕНТ тапсырмаймын» драмасын тамашалай алады. 

Сонымен қатар, КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына орай 29 қазан күні Almaty Theatre-да «Astana Musical» мемлекеттік театры осы жылдың басты премьерасы - «Роза Бағланова» мюзиклін сахналайтын болады.