Алматыда қарт адамдарға қандай қамқорлық жасалады?

Алматыда қарт адамдарға қандай қамқорлық жасалады?
almaty-akshamy.kz

Бүкіл әлемде 1 қазанда Қарттар күні атап өтіледі. Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жәнібек Қаратаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалада қарт адамдарға қандай қамқорлық көрсетіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz


Жәнібек Қаратаев атап өткендей, қарт адамдар барлық кейінгі ұрпақ үшін бағдар болып табылады.

 «Бұл күн бізге аға буынның тағдыры туралы ойлануға, ел мен қаламыздың дамуына үлкен үлес қосқан адамдарға өз ризашылығымыз бен сүйіспеншілігімізді білдіруге мүмкіндік береді. Қарттар күні – бұл жас туралы еске салу емес, жас ұрпақты тәрбиелегені, қажырлы еңбегі үшін ортақ алғыс білдіру күні», - деп атап өтті әкімдік өкілі.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Алматы әкімдігі егде жастағы азаматтарға толыққанды өмір салтын жүргізуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасау бойынша бірқатар шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.

Қазір Алматыда шамамен 231 мың зейнеткер немесе олар қала халқының 11,5% құрайды. Жыл сайын қалалық бюджеттен материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге қомақты қаражат бөлінеді.
 
Жәнібек Қаратаев қалада мұқтаж отбасыларға әлеуметтік төлемдердің 17 түрі көрсетілетінін хабарлады. Зейнеткерлерге, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне Жеңіс күніне орай төлемдер жүзеге асырылады және коммуналдық қызметтер үшін шығындар өтеледі. Бұдан басқа, суды, газды есепке алу аспаптарын және газ жабдығын орнату шығындары өтеледі. Жасы бойынша зейнеткерлерге базалық зейнетақыны есептемегенде, 25% төлеммен санаторлық-курорттық емдеу қызметі ұсынылады.

«Әлеуметтік төлемдер өтініш негізінде және белгілі бір өлшемдерді ескере отырып көрсетіледі. Мысалы, Жеңіс күніне орай 16 800 ардагерге 1,2 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетілді, 150 мыңға жуық зейнеткердің коммуналдық шығыстарына төлемдер бөлінді, 1 600-ден астам қала тұрғындарына тұрғын үй көмегі көрсетілді», - деді Жәнібек Қаратаев.

Соңында басқарма өкілі жеке бастамасы бойынша егде жастағы адамдарға көмектесетін алматылықтарға, меценаттарға алғысын білдірді. Ол Алматының қарт тұрғындары көңіл аударуды, қарапайым адамдардың қатысуын қажет ететінін, ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жан-жақты көрсетілетінін атап өтті.