Мегаполисте Қала күніне арналған кеш өтті

Мегаполисте Қала күніне арналған кеш өтті
Cурет: Inform.kz

Концертке шетелдің өнер иелері де қатысты.

«Алматым - алтын бесігім» атты концертте Славян базарының жеңімпаздары, танымал күйшілер мен жас әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Мәдениет ошағы - Алматыда өнерпаздар Қала күніне арналған ыстық лебізі мен махаббатын әнмен жеткізді. Алатау дәстүрлі өнер театрының сахнасында қазақтың қызыл арша домбырасы күмбірлеп, күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер өнер көрсетіп,  мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Алматым - алтын бесігім» атты концертте Славян базарының жеңімпаздары, танымал күйшілер мен жас әншілер өнер көрсетті. Мерекелік шараға атсалысқандар барша қала тұрғынын егемендіктің 30 жылдығымен қатар Қала күнімен құттықтады.

«Сүйікті қаламыз Алматының туған күні! Барлық алматылықтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Өмірлеріңізде сәтті, шуақты күндер көп болсын деген тілек айтамын. Аман болайық, ең бастысы, ауырмаңыздар», - деді күйші Айгүл Үлкенбаева.

«Осы менің ең сүйікті қаламның бірі - Алматы қаласы. Оңтүстігіміздің астанасы өркендеп өсе берсін! Өнер мен білім ордасы бола берсін», - деді әнші Ернар Садырбаев.

Тарихы терең Алматы қаласының күніне арналған концертке шетелдің өнер иелері де қатысты. Олар алаш жұртын мерекемен құттықтады.

«Барша алматылықтарды Қала күнімен құттықтаймын! Алматы гүлдеп, жайнай берсін!» - деді Ереван қаласы мемлекеттік мәдениет және өнер колледжінің директоры Вреж Киракосян.

«Бәрі Отанға, Алматы күніне байланысты. Мысалы, Алматының гүлі мен алмасына байланысты кеш өтпек. Кеште «Бозторғай» байқауының жеңімпаздары мен кішкентай балалар өнер көрсетеді», - деді мәдениет қайраткері Қарлығаш Әбдікәрімова.

Мерекелік концерт қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты көрерменсіз өтті. Кештің толық нұсқасын Алматы арнасының эфирінен көре аласыздар.