Алматыда жұмысшы мамандығы фестивалі басталды

Алматыда жұмысшы мамандығы фестивалі басталды
Сурет: Ашық дереккөз

Оқушылар арасында "JasSkills 2023" қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді

Алматыда "Кәсіптік білім: табысқа жету жолы" атты қалалық жұмысшы мамандығы фестивалі басталды. Қаланың 12 000 оқушысы мен 700 колледж студенті 10 күн ішінде түрлі байқауларға қатысып, мамандықтар әлеміне кеңінен бойлайды. Фестиваль соңында іс-шараның түпқазығы болып табылатын "WorldSkills Almaty 2023" VIII өңірлік чемпионат өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Фестивальдің мақсаты – Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің позицияларын кәсіптік бағдар беру және жұмысшы және орта буын мамандығын насихаттау. Іс-шаралар 2023 жылғы 8 сәуірге дейін жалғасады.

Бүгін мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында "ТжКБ беделі"тақырыбында пікірсайыс өтті. Пікірсайыс турнирінің тақырыбы - "Техникалық және кәсіптік білім берудің беделі". Турнирге үш лига енді: қазақ, орыс және ағылшын. Алматы қаласының әр ауданынан әр лигаға бір команда жасақталды. Барлығы қаланың сегіз ауданынан 160 оқушы қатысты.

Бағдарламада басқа да іс-шаралар қамтылды. Оқушылар қаладағы тігін фабрикалары, өндірістік және жиһаз компаниялары, киностудиялар, тамақтану және өсімдік шаруашылығы саласындағы ұйымдар, т.б. базаларына экскурсиялар жасады. 

Сондай-ақ, 29 наурызда 9-сынып оқушылары арасында алғашқы "JasSkills 2023" қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді. Байқау WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының Ережелеріне сәйкес аудандық чемпионаттың сегіз жеңімпазы арасында он құзыреттілік бойынша өтеді.

Оқушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту және ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында 30 сәуірде 9-сынып оқушыларына арналған "Болашақ біз үшін" ғылыми жобалар конкурсы көлік техникасы, энергетика, құрылыс, сервистік қызмет көрсету, т.б. мамандықтары бойынша  өтеді.
Спорттық бағытта 31 наурызда 9-сынып оқушылары арасында шағын футбол мен волейболдан қалалық чемпионат жоспарланған. Бұл - қаланың барлық аудандарының және  колледждердің 1-ші курс студенттерінің құрама командалары.

Фестиваль аясында 3 сәуірде 9-сынып оқушылары мен колледждердің 1-курс студенттері арасында "Менің болашақ мамандығым" тақырыбында қалалық КТК өтеді. Сол күні колледждің дарынды түлектері қаланың әр ауданындағы сегіз мектеп базасында 9-сынып оқушыларымен кездеседі. Іс-шара колледжде оқуға деген қызығушылықты арттыруға, түлектердің өз бизнесін ашу жолы мен тәжірибесін көрсетуге арналған.

Колледж қызметкерлері мектеп директорлары мен колледж басшылары арасында " Білім сабақтастығы» тақырыбына  дөңгелек үстел жоспарлаған. "Академиялық дербестік" тақырыбы бойынша директорлар мен жұмыс берушілер арасындағы екінші кездесу 6 сәуірге жоспарланған. 

Фестиваль соңында 2023 жылғы 5-7 сәуір аралығында жыл сайынғы "WorldSkills International" құзыреттілігі бойынша "WorldSkills Almaty 2023" өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.