Алматыда ЖОО ректорларымен кездесу өтті

Алматыда ЖОО ректорларымен кездесу өтті
almaty-akshamy.kz

Алматыда білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту мәселелері талқыланды

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметовтің төрағалығымен және қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қатысуымен білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту мәселелері бойынша ЖОО ректорларымен кездесу өтті.

Іс-шара барысында жоғары оқу орындарының қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, мемлекеттік сатып алуларға талдау жүргізу, Алматы ЖОО жүйесіне комплаенс қызметін енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тетіктері мен қорытындылары қаралды.

 Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров әкімдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен және «Адалдық  Алаңы»  офисімен бірлесіп негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау; қоғамдық бақылауды жүзеге асыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Білім беру саласында мектептерде ақша жинау мен интернет буллингке жол бермеу шаралары ерекше бақылауға алынды.

«Адал көмек» жобасы аясында жыл басынан бері мегаполис тұрғындарына құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында 300-ден астам кеңес берілді. Медеу ауданы әкімдігінің сервис орталығында қосымша «Адал көмек» орталығы ашылды.    

Сонымен қатар, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жоғары оқу орындарының құрылымдық қайта құрылуына және коммерциялық емес акционерлік қоғамға көшуіне байланысты мемлекеттік мүлікке түгендеу жүргізуді ұсынды.

Кездесу барысында «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушевтің 2020 жылдың қазан айынан бастап білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Sanaly urpaq» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды орындау жөніндегі ақпараты тыңдалды.

ЖОО ректорлары өз кезегінде өз пікірлерін білдірді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа тәсілдерді қолдады.