Алматыда жыл басынан бері 528 млн теңгені әуежай арқылы заңсыз алып өтпек болған

Алматыда жыл басынан бері 528 млн теңгені әуежай арқылы заңсыз алып өтпек болған
Сурет: Newsroom.kz

Жыл басынан бері Алматы қаласының кеденшілері 528 млн теңгені заңсыз алып өтпек болған жеке тұлғалардың жолын кесті.

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері осы кезеңде ӘҚБтК-нің 551, 545-баптары бойынша 103 әкімшілік материал толтырған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар 13 факт анықтаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сілтеме жасап.

«Анықталған немесе декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты, осы бұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы - 3,2 млн теңге. Мәселен, қаңтарда Алматы-Абу-Даби бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында Қазақстан азаматы тексерілді, онда 57 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша болған. Сол сияқты ақпанда Алматы-Ыстамбұл әуе рейсіне кедендік бақылау жүргізу 97 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол қаражат табылды. Материалдар экономикалық тергеу департаментіне берілді. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп жазды ведомстводан.

Департамент өкілдері мамырда Сеул-Алматы бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында 12 000 АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақшасы бар тұрғынның ұсталғанын да мәлімдеді. Маусымның басында ұшып келу залында Дубай-Алматы әуе рейсінен түскен азаматты тексеру барысында 23 200 АҚШ доллары анықталған. Азаматша әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды.