Алматыда жыл басынан бері 4 адам менингококк инфекциясын жұқтырды

Алматыда жыл басынан бері 4 адам менингококк инфекциясын жұқтырды
Сурет: Ашық дереккөз

Иммунитеті толық қалыптаспауы себепті көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар ауырады

Алматыда жыл басынан бері 4 адам менингококк инфекциясын жұқтырған. Оның 2-еуі 14 жасқа дейінгі бала, біреуі жасөспірім (15 жас) және біреуі ересек адам. Бұл туралы Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Менингококк инфекциясы – Neisseria meningitides бактерия тудыратын жіті инфекциялық ауру. Ауру ауа арқылы беріледі (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде). Менингококктің алғашқы спецификалық белгілері болмайды, қарапайым суық тиюге ұқсас болады (температураның көтерілуі, бас ауруы). Аурудың белгілері пайда болған жағдайда, медициналық көмекке жүгіну керек», - деп хабарлады ведомствода.

Аурудың негізгі клиникалық белгілеріне: дене температурасының 39,0°С және одан жоғары болуы, бас ауруы, жүрек айнымай құсу, геморрагиялық бөртпе, мойын бұлшықеттерінің кернеуі, тыныс алудың бұзылуы, ақыл-естің бұзылуы жатады.

«Менингококк инфекциясы қыс және көктем айларында өрши туседі. Себебі, бұл уақытта адамның иммундық жүйесі бұл уақыттарда көптеген вирустар - ЖРВИ, тұмау және т.б. әсерінен әлсірейді. Иммунитеті толық қалыптаспауы себепті көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ, шылым шегетін жасөспірімдер, жас адамдар ауырады», - деп хабарлады қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде.