Алматыда жиырмадан астам мигрант ұсталды

Алматыда жиырмадан астам мигрант ұсталды
Сурет: Kubnews.ru

Мегаполисте «Мигрант» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр.

Тәжікстаннан келген мигранттар Алматыда заңсыз жұмыс істеп жүрген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР ІІМ ресми сайтында хабарланғандай, Наурызбай ауданы ІІД көші-қон басқармасының қызметкерлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бір үйде заңсыз тұрып жатқан Тәжікстан Республикасының 12 азаматын тапты.

Белгілі болғандай, қыркүйек айында шетелдіктер Қазақстанға Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай ауылында электр станциясын салу үшін келген. Олар белгіленген мерзімнен артық уақыт ішкі істер органдарының тіркеуінсіз ел аумағында жүрген.

 «Тексеру кезінде Тәжікстанның алты азаматының жеке басын куәландыратын құжаттары болмады, олардың жеке басын анықтау үшін қабылдау бөліміне орналастырдық. Тағы алты адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 517-бап 4-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылды. Мигранттар тұрған тұрғын үйдің иесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 493-бабы және 518-баптың 2-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылды», - деді Алматы қаласы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Геннадий Мен.

Бұған қоса Алматының Алмалы ауданы аумағындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде Тәжікстанның заңсыз тұратын 10 азаматы анықталды. Олардың екеуінің құжаттары жоқ, жеке басын анықтау мақсатында қабылдау орталығына орналастырылды. Заң бұзушылық бойынша алты шетелдікке қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Көші -қон заңнамасын бұзу фактілері бойынша заң бұзушыларға  шара қолданылды.