Алматыда жаяу футболдан алғашқы турнир өтті

Алматыда жаяу футболдан алғашқы турнир өтті
Суретті түсірген: Самат Құсайынов

Турнирді Алматы қаласының спорт басқармасы ұйымдастырды. Төрешілікті Алматы футбол федерациясы қамтамасыз етті. 
Жаяу футбол - 50 жастан асқан адамдарға арналған футбол түрі. Ол Ұлыбританияда әртүрлі себептермен дәстүрлі ойынды ойнай алмайтын егде жастағы футбол әуесқойлары үшін жасалған. Ойын ережелеріне сәйкес, жүгіруге болмайды. Егер ойыншы жүгірсе, онда қарсыластың пайдасына айыппұл тағайындалады. Ойын кезінде доп басынан жоғары көтерілмеуі керек. 
- Бүгінгі жаяу футболдан турнирді алғаш рет өткізіп жатырмыз. Біз бұл шараға регламент жасап, оны тұрақты етеміз. Қазіргі таңда Алматы қаласының Бірінші чемпионы атағы ойнатылуда, - деді Алматы қаласы бойынша футболдың бас хатшысы Владимир Ахунов.


Айта кету керек, жаяу футбол ойнау жүрек-қантамыр жүйесін нығайтуға көмектеседі. 
- Жаяу футбол халықты сауықтыру үшін арнайы жасалған. Ол медициналық себептермен жүгіруге тыйым салынған адамдарды қамтиды, - деп бөлісті іс-шараны ұйымдастырушысы Адамбеков.


Ойын қорытындысы бойынша орындар келесідей бөлінді: 
1-орын - Алматы қаласы футбол федерациясының футбол командасына, 2-орын - "Желтоқсан" футбол командасына және 3-орын - "Реал" футбол командасына табысталды.
Сондай-ақ, қазылар алқасының мүшелері "Марсиандық" футбол командасын ерекше атап өтіп, оларға естелік сыйлықтар берді.
Жаяу футболдан бірінші турнирдің жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.