Алматыда жасөспірімдер арасында жасалған 40 қылмыс тіркелді

Алматыда жасөспірімдер арасында жасалған 40 қылмыс тіркелді
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласында жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы қылмыс 21,7 %-ға төмендеген

Алматыда жасөспірімдер арасында жасалған 40 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Талдау көрсеткендей, 40 қылмыстың 38-ін басқа қалалардан келген жасөспірімдер жасаған. Атап айтқанда, Алматы облысы – 22, Жамбыл облысы – 9, Қостанай облысы – 3, Шығыс Қазақстан облысы – 1, Түркістан облысы – 2, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары – 1. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың ең көп бөлігі – мүліктік құқық бұзушылықтар. Бұл – ұрлық, тонау және бөтен көліктерді айдап әкету», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қатысуымен жалпықалалық 12 жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

«Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде ІІО-ға түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 9 596 адам жеткізілді, оның ішінде 9 348-і әкімшілік құқық бұзушылық үшін. 470 жасөспірім, сондай-ақ 429 тұрмысы нашар отбасы анықталып, есепке алынды. Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына 463 бала орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйлерден тыс жерде жүргені үшін 5 005 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп қорытындылады Саттаров.