Алматыда жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан ел чемпиондары анықталды

Алматыда жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан ел чемпиондары анықталды
Сурет: Inform.kz

Алматы қаласында 9, 11, 13, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты аяқталды.

Қазақстанның тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, аталмыш ұлттық ойынның классика, рапид және блиц түрлерінен өткен жарысқа барлық өңірден 500-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Өте тартысты өткен біріншілік қорытындысында классикадан Қостанай облысының командасы үздік шықса, батысқазақстандықтар екінші, ақтөбеліктер үшінші орынға ие болды. Рапидтен ШҚО өкілдері чемпион атанса, БҚО мен Қостанай ойыншылары екінші, үшінші орынды бөлісті. Блицтен Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарының командалары үздік үштікке ілікті. Жалпыкомандалық есепте шығысқазақстандықтар алдына жан салмаса, ақтөбеліктер екінші, қостанайлықтар үшінші, батысқазақстандықтар төртінші, Алматы облысы бесінші орынға табан тіреді.

Жекелей сында классикадан ақтөбелік Нұриддин Әділқайыр мен батысқазақстандық Мөлдір Батуллина (9 жас), Темірлан Ғалымжан (Ақтөбе) мен Айша Ғарифолла (БҚО, 11 жас), Ернар Еркін (ШҚО) мен Айым Назымова (Қостанай, 13 жас), Айдын Жәкиев пен Айым Әлібекқызы (екеуі де – Қостанай, 15 жас) чемпион атанды. Рапидтен Әли Кенжин (БҚО) мен Наргиз Бақыт (Қостанай, 9 жас), Бексұлтан Досан (ШҚО) мен Айдана Аманғали (БҚО, 11 жас), Ержалын Өмірбек (Алматы) пен Мәлика Әсемханова (ШҚО, 13 жас), Азамат Бимағанбет (Ақтөбе) пен Аяна Исахан (ШҚО, 15 жас) жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ блицтен Мұхамеднұр Айдархан мен Назым Артық (екеуі де – Түркістан, 9 жас), Ернар Ертай (Қызылорда) мен Айша Бегалиева (Ақтөбе, 11 жас), Арсен Есентай мен Нәзира Қуатжанқызы (екеуі де – Алматы облысы, 13 жас), Еркебұлан Досан (ШҚО) мен Ақбота Бегалиева (Ақтөбе, 15 жас) алтыннан алқа тақты. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәреге жеткенін жазған болатынбыз.