Алматыда жасөспірімдер арасында қызылшамен ауыратындар саны артқан

Алматыда жасөспірімдер арасында қызылшамен ауыратындар саны артқан
Сурет: Ашық дереккөз

Ауырғандардың 44,4%-ы қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған

Алматыда 3 наурыздан бастап қызылшаның 18 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 17, 40 жастан асқан ересектер арасында - 1 жағдай, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткендей, соңғы екі жылда (2021, 2022 жж.) Алматы қаласы бойынша қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайлары тіркелмеген. Алайда, көші-қон факторы (басқа елдерден халықтың көшіп келуі, қазақстандықтардың басқа елдерге кетуі) Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайға әсер етіп отыр.

«Сырқаттанушылық негізінен қызылшаға қарсы егілмеген балалар арасында, оның ішінде вакциналаудан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімнің болуы, яғни, егу жасына 12-15 айға жетпегендіктен тіркелді. Ауырғандардың 44,4%-ы (зертханалық расталған жағдай) қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болғанын, сондай-ақ, инкубациялық кезеңде Қазақстаннан тыс жерде болғандарын айтты. Науқастардың құрылымы бойынша 44,4% - ұйымдаспаған балалар, 22,2% – мектепке дейінгі мекемелерге баратын ұйымдасқан балалар, 22,2% – мектеп оқушылары, 5,6% – білім беру орталықтарына баратын балалар», - деп хабарлады департаменттен.

Қызмет мамандары медициналық ұйымдармен бірлесіп барлық ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Науқаспен байланысқа түскен барлығы 813 адам анықталды, оның ішінде 477 ересек, 14 жасқа дейінгі 333 бала, 3 жасөспірім бар. 63 адам қызылшаға қарсы вакциналанбаған. Қалғандар қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған сәттен бастап 72 сағат өткен соң және жасы 30 жастан асқандықтан, медициналық қарсы көрсетілім бойынша шұғыл вакциналауға жатпайды. Барлық байланысқа түскендер медициналық бақылауға алынып, қызылшаның алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, қызылша – бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе ауру жұқтырған адамның мұрны немесе тамақ бөлінісінен жұғады.

Қызылша – ең жұқпалы инфекцияның бірі, себебі, ауыратын адаммен байланысқа түскен соң екпе алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ, олардың асқынуынан сақтанудың жалғыз жолы - вакцина алу екендігін еске салды.